Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл Жабаевтың өлеңдері

Stan.kz қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, әлеуметтік және жеке өміріндегі сөзінің көбін өлеңмен сөйлеген жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 10 өлеңін ұсынады.

Жамбыл Жабаевтың өлеңдері

Сараң бай мен жомарт кедей

Малы көп бай жылайды қар жауғанда,
Бәрін тастар ниеті малға ауғанда.
Жерден алтын тапқандай кедейлер жүр,
Әйелі шелек толы сүт сауғанға.
Малы көп бай ертемен жейді қаймақ,
Қой шығарып, кедей жүр қозыны айдап.
Ең болмаса, айранға тойғызса деп,
Жатса, тұрса, тілейді «а, құдайлап».
Сараң байдың үйіне қонақ келсе,
Қояды кәрі қойын ол ыңғайлап.
Кедей жомарт үйіне мейман келсе,
Жалғыз қойдың тұрады басын байлап.
Бай жалтаң, кедей калтаң, халық дархан,
Көп жердің дәмін таттық сыбай-салтаң.
Елімнің азаматын таныс қылған,
От жырым, қызыл тілім, сенің арқаң!

Мұғалімдерге сәлем

Кәрі, жасын елімнің,
Тұнығына білімнің
Жүздірген тау бұлақтай,
Таңдауындай тарихтың,
Көзін ашып халықтың
Түнде жанған шырақтай, —
Оқытушы мұғалім
Білімі елге мағұлым,
Оқытып ел баласын.
Ашып көңіл санасын,
Оқымысты жастарды
Өсірді сүйрік құрақтай.
Гүлім бар ма ед жерімде,
Білім бар ма ед жерімде,
Октябрьден жарқырап
Туғаныңша таң атпай.
Октябрь күні туғалы,
Болатпен белді буғалы —
Сталиннің нұрымен
Халқым бақыт құшақтап
Жерім болды жанаттай.
Оқытушы мұғалім,
Сендерді өмір нұрлады,
Сені алтын таң аялап,
Еңбегіңді бағалап,
Үкімет — ұлы штабың,
Қадірлеп ұлы Сталин
Орден тағып сыйлады.
Біздің елдей ел бар ма,
Мұғалімді сыйлаған,
Жан бар ма, сірә, басқа елде
Еңбегі біздей сыйланған.
Ғасырлардың ардақты
Ғасыры бізде жүлде алған.
Басқарушы большевик
Партиясы нұр жанған,
Тоқсаннан асқан жасымда
Сталиннен нұр алған,
Отан үшін сондықтан
Жамбылдың жыры жырланған.

Өсиет

Ой-хой, дүние серуен!
Адам бір көшкен керуен.
Дүниені қызық қалдырып,
Асамыз өмір белінен.
Кірсе лебіз – шықса жоқ,
Қауіп етіңдер өлімнен.
Қылышбайдан таралып,
Сөз нұқсасы келінген.
Дос-жаранға, кемтарға
Қайырлы бол делінген!
Қылған қайыр болмаса,
Не әкетесің өмірден?!
Дәулетіңнен не пайда
Таусылмастай көрінген?!
Жалғыз мұраң сол болар –
Қол қайырың берілген.
Басқа дүние бірі де
Көмілмейді кебінмен.
Көп қарға тең келмейді бір сұңқарға,
Көп жылқы тең келмейді бір тұлпарға.
Жақсының әрқашанда жөні бөлек,
Жаман адам жарамас бір қымтарға.

Ағайын – туған есен бол

Ел едің құт дарыған Есім – Малай,
Қыдырып қызығыңды көрдім талай.
Арқаңда үрлеп ішіп, шайқап төктім,
Қайтқалы бет түзедім елге қарай.
Кең біткен етек-жеңі ағайын ең,
Беріпті саған дәулет соған жарай.
Балаңа бесіктегі белгілі ғой,
Санатқа ілінбеген Қожан қалай?
Барармын баян қылып бәрін төске,
Пейілің, берекеңмен болар есте.
Адамның алыс жүрсе аңсары ауып,
Көруге құмартары сол емес пе?!
«Жан екен жағын сауған алармаңда»,
Артымнан мен кеткен соң солай деспе.
Ат міндім, атан алдым, шекпен кидім,
Жөнім жоқ сені мақтап сөйлемеске.
Ағайын-туған, есен бол,
Алшайып атқа мінейін.
Енді айналып келгенше,
Аңсай-аңсай жүрейін.
Шүйгініңе сонылап,
Шынарыңа түнедім.
Қош, аман бол, құрметті ел,
Қадіріңді білейін!

Бұрымға

Сен лашын болғанда, мен – ақсұңқар
Бір көріп дидарыңа болдым іңкәр.
Көркің бар көрген адам таң қалғандай,
Шыққандай жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар.
Жасымнан жақсыларды жағаладым,
Алатау, Қаратауды араладым.
Қай тұсқа аттың басын тіресем де,
Өзіңнен басқа сұлу таба алмадым.
Жарқ еткен оқтан ұшқыр бота көзің,
Балқытар қорғасындай айтқан сөзің.
Сыртыңнан атыңды естіп жүруші едім,
Қаңбақтай жел аударған келді-ау кезім.
Айрылдым ай жарықта Бұрымымнан,
Азаптың кім құтылған құрығынан.
Жастықтың желігімен жүргенімде,
Келмейтін Сырдың суы жұлығымнан.
Есімнен еш кетпейді қайран Бұрым,
Мүшелі байланбаған ол бір құлын.
Қайтесің өткен істі еске салып.

Елімнің қыздарына

Танадай көзі жайнаған,
Талпына қанат талмаған.
Қуанышты қыздарым
Беті қызыл алмадан.
Алтын кірпік, ай қабақ,
Жамалы жарқын айнадан.
Жүрегі қызыл Кремль
Жұлдызындай ойнаған.
Көкте болса көгінде,
Жерде болса жерінде
Қолға алғанын қопарып
Құлшына жеңбей қоймаған
Алатаудың бақытты
Бұлбұлындай сайраған.
Бақ дарыған Отанның,
Қыздарым жерін жайлаған.
Қартайған Жамбыл атаңның
Қыздарымдай жасарған,
Жыры бар сізге арнаған.
Сол жырды енді айтамын,
Қыздарымды көргенде,
Көрген сайын жасарам
Сендермен бірге жүргенде
Төбем көкке тиеді,
Қуана сіздер күлгенде,
Жамбыл желдей есесін
Көмейден өлең келгенде,
Бірің білгір оқушы,
Бірің кілем тоқушы
Бірің доктор, кейбірің
Далада алтын колхозшы,
Соны көріп қуанад
Тоқсанға Жамбыл жеткенде,
Құлшынбай Жамбыл не қылсын,
Тоқсан жасты бүркіттей
Бүріп тастап жеңгенде.
Көлде жүзген аққудай
Қызымды да есірген,
Шахтының тасын уатқандай
Ұлымды да өсірген,
Жүрегімнен жылжыған
Жырымды да өсірген.
Күннен де нұрлы Сталин;
Осыларды өсірген,
Отан үшін, ел үшін,
Толқыны күміс көл үшін,
Шөбі шүйгін жер үшін,
Отанды күндей күлдірген,
Сталин үшін, ер үшін
Қыздарым гүлдей жайнаңдар,
Еңбекке, іске таймаңдар,
Сендер де бір әскерсіз,
Ел шетіне жау келсе,
Тас-талқанын шығарып,
Жай тасындай қайнаңдар!

Халық қазынасы

Елім менің жерге бай,
Айдынды шалқар көлге бай,
Төрт түлігі мыңғырған,
Егісі көз тұндырған,
Тауы тола кенге бай,
Москвадан барып ашылған,
Көрікті біздің көрме бай,
Ел байлығы тұтасқан
Жерді қаптай, ерді орай.
Жамбыл қалай шыдасын
Оны жыр ғып толғамай!
От оттаған жерімнен
Құлжадайын семірген
Қошқар менен қой да бар,
Тау текедей мүйізді,
Сүті шәрбәт уызды
Ақ бөкендей ешкісі,
Көрдің бе бізден басқа елде
Мұндай байлық қайда бар?
Көп малдың бір көрігі,
Жерді сызған желіні
Бұзауқанның анасы
Сиыр деген бізде бар,
Мүйізі көкті тіреген.
Сандай санды жылқы бар
Сауырынан түлеген.
Мыңғырған менің елімде,
Дегерез деген жерімде
Мың сан құлын енесі
Мама болған биесі,
Текежаумыт айғырдың
Арғымақ туған баласы;
Колхозды елдің қымызға
Иіндей толған сабасы.
Алматыдан андыздай
Үлкендігі қарбыздай
Бақшада өскен алмасы;
Туысқан елде тоғысқан
Шын еңбектің қызығы
Көрмеде тұр Мәскеуде
Грузиннің алмұрты,
Мейізі мен жүзімі,
Оған жалғас жайнаған
Өзбекстан өрігі;
Ұлпалы ақ мақтасы, —
Көрменің бір көрігі,
Түркменстан жерінің
Текежаумыт ат деген
Құлағымен ойнаған
Бейне таудың елігі;
Үйір-үйір жылқыдан
Жүгенін үзе жұлқынған
Арғымақты таңдап ел
Әскерге асыл ат берген,
Сталиннің саясы,
Сталиннің аясы
Бізге осындай бақ берген.
Маңғазды, маң-маң, маң
басқан,
Табанын шірей дәл басқан.
Түйе деген бізде бар;
Өркештері жар тастай,
Күн шалмаған маңдайын,
Дулығасы таудайын
Қызыл бұйра нарлар бар.
Ару ана жүр ойқастай,
Біздің халық еңбегі
Көк темірді жібіткен,
Біздің Отан өнері
Машинаны жүгірткен;
Он бір Одақ елімнің
Халқы бірге туысқан,
Он бір Одақ елімнің
Еңбегі, көркі тоғысқан.
Он бір Одақ өрге өрлеп,
Қызыл туы желпілдеп,
Тұғырға қонған қырандай
Отанға еркін қонысқан.
Елде де, еркін жерде де,
Мәскеудегі көрмеде
Жер жүзінен мойны ұзақ
Туы астында табысқан.
Құлашты алға сермейміз,
Күннен күнге ерлейміз,
Бұл байлықтың жалғыз да
Түйірін жауға бермейміз,
Жау тиіссе бір шеттен
Тас-талқан ғып түйрейміз!

Халық туысқандығы

Тыңдаушым, келіп маған сендер сынды,
Жырла — деп, сұрадыңдар өткен күнді.
Өткенде домбырамды күйлеп едім,
Қозғады ол — үн орнына қайғы, мұңды.
Ызыңдап мұң шаққандай желден жаман,
Ашқысы келмейді аузын ескі жарақ.
Ақынға күй кернеген үн бере ме,
Бұлдырап кеткен құрғыр зарлы заман.
Ойласам ескі жара от боп жанад,
Өлең-жыр күй кернетіп айқай салад.
Қамаған халқын Ресей тар қапасқа —
Өткен күн — қарысқан жақ, қатқан қабақ.
Түтіккен қара түнде күнді көрмей,
Арман ғып таң сәулесін қолды сермей,
Көтеріп ауыр жүкті өткен елім!
Қан қара, жаны жара тек қана өлмей.
Қаһарлы жауыз патша халықты алдап,
Бүлдіріп, ойран салып, елді жалмап,
Қорғады соныменен таж бен бағын,
Ол күлді, ел жатқанда уайым сарнап.
Қырқысты қазақ, қырғыз айдауменен,
Шабысты түрік, армян қайрауменен,
Түн, бұғау, алдау, арбау, дін-шариғат,
Қан құйып халық көзін байлауменен.
Еврейді «жүйіт» қойып тентіретті,
Сарт, ноғай, қырғыз, қохол — құбыжық етті.
Үгіттеп өштестіріп өзді-өзіне,
Туыстар бірі қанын бірі төкті.
Бастаған сәуле нұрға адамзатты,
Ленин қара түнде дабыл қақты.
Миллион ер көтеріліп, бірге шықты,
Зорлықты талқандады бейне абақты.
Оқ-мылтық, қылыш, найза қаруланып,
Ленин мен Сталиннен нұсқау алып,
Төңкеріп жауыздарды тастады елім,
Капитал қолқасына қолды салып.
Жыйырма жыл босатқанға елімізді,
Бөледік, гүлге орадық жерімізді.
Бахыттың ұлы отаны одақ құрдық,
Жинадық, түрдік етек-жеңімізді.
Ерікті ел армян, қазақ, тәжік, қырғыз,
Бас қосты алпыс ұлт — жайнады жүз;
Жарқырап ортасында ұлы Мәскеу
Жүрегі Отанымның жарық жұлдыз.
Кілемдей қайда барсаң жайнаған жер,
Кең дүние еңбек қызу қайнаған жер;
Бақ орнап, ен далаға нұрын төгіп,
Ішінде ақын бұлбұл сайраған жер.
Бәрі дос қайда барсаң жаттығы жоқ,
Бір кезде қамшы орнатып, атылған оқ;
Жерлерден тату-тәтті, сөз естисің,
Жарқын жүз бір бауырдан туғандай боп.
Бірі жоқ тұман түнде кектескен ел,
Жауласып жазықсыз қан ағызған сел,
Қасқырдай бірін-бірі басып жейтін
Аяусыз айуан заңы тентегі тел.
Сталин нұры астында мәңгі жарық,
Туысқан қол ұстасты барлық халық,
Бір туған бахытқа ортақ ел жасалды —
Білмеген, жасамаған бұрын тарих.
Он бір ұл егіз туып түзеген сап,
Айтуға сөз жетпейтін түр мен сымбат,
Алтын заң құшағында еркін өсіп,
Үйреткен дүниеде достық қымбат!
Ызалы, қара пиғыл жау жаралы,
Tic қайрап құтырған ит көз салады,
Оған қарсы күн санап достық өсер,
Тірегі Отанымның — күш қамалы.
Ол қамал мәңгі шеккен тастап берік,
Болаттай шегендеген қызған көрік,
Орнықты Кремльдің қорғамындай,
Басында Ленин қабыры бергендей серт.
Жайна елім, гүлде, көгер, шырқа, әнге сал!
Дүкен құр, өмір жаса бір тәтті бал.
Егін ек, бақшаңды өсір, қала тұрғыз,
Қайыссын, жерді бассын қаптаған мал.
Шөл дала сусын ішсін — шөлі қансын,
Алма өссін, гүл бақшасы жапырақ жарсын.
Сайрандап адам ұлы кең дүниеде
Бұлбұл құс бойы балқып әнге салсын.
Атымен ұлы Сталин жеңген халық,
Қоймасын адам өмірі алды ақтарып,
Бахытқа ұшан-теңіз қолы жетті,
Мұхитта шомбығандай алтын балық.
Жасасын, алғыс айтам Сталинге!
Сөйлейді данышпанды барлық тілде,
Жеткізген барлық елді қуанышқа,
Жырлаймын Сталинді күн де, түн де.

Жеңіс жырын сайраңдар!

О балалар, балалар,
Қарашығы көзімнің,
Қуанышы сөзімнің;
Кеудемдегі жүрегім,
Таянышым — тірегім;
Ардақтысы елімнің,
Гүл шешегі жерімнің;
Алдыңа келді қарияң,
Өлең боп аққан дарияң
Домбырасын басуға,
Жырынан шашу шашуға,
Кездесіп көзбен көруге
Халық сәлемін беруге,
Қуанбасқа бола ма,
Жырламасқа бола ма,
Осы отырған тойымда?
Қуаныш сыймай қойынға,
Сталиндік ту етіп,
Жеңістің қақтық дабылын,
Ойдан келді батырым,
Қырдан келді батырым,
Қаладан келді батырым,
Колхоздан келді батырым,
Сол батырлар ортаға ап
Өзінің сүйген ақынын
Шешіп жатыр жаңадан
Жеңістердің ақылын.
Біз Алатаудай ел едік,
Теңемек болды ойға жау,
Біз тасыған теңіз сел едік,
Теңемек болды шөлге жау;
Біз атып болған тақ едік,
Түн етпекші болды жау.
Біз әлемге жарық күн едік,
Өшірмекші болды жау!
Батыр болған ұлымды
Құл етпекші болды жау,
Күндей күлген қызымды
Күң етпекші болды жау!
Жау ма бізді бөгейтін,
Жау ма бізді жеңетін?
Қозғалып еді Алатау
Табанында қалды жау,
Долданып еді океан
Толқыны жауға салды ойран;
Қаһарланды отты күн,
Оқ боп жауға өтті күн,
Қуырдақтай қуырды,
Күлін құмдай суырды.
Шындықтың шаптық семсерін
Дұшпандардан ақты қан,
Шүберектей жыртылды,
Өз ұлдарым игеріп
Тізгінді қолға алғанда,
Қыран құстай қомданып
Қыяға көзін салғанда
Қараңдаршы не көрем?
Қуана түскен ел көрем,
Көгере түскен жер көрем,
Атып жатқан мұнайды
Таусылмастай сел көрем.
Ағып жатқан алтынды
Тұтасқан бейне сең көрем,
Үйіліп жатқан көмірді
Асусыз белге тең көрем.
Сталиншіл ұрпағым,
Тағы да құлақ салыңдар!
Болаттайын берік топ
Деген атақ алыңдар!
Дұшпанға азу басыңдар,
Қанын судай шашыңдар!
Дұшпанға семсер қайраңдар,
Оттай ойнап жайнаңдар!
Бас көтерсе кімде-кім
Күрмеп тілін байлаңдар!
Бақыты үшін Отанның,
Бақыты үшін елімнің
Ұлы Сталин атымен
Жеңіс жырын сайраңдар!

Қайта келген жастық

Бұл Жамбыл жасап отыр тоқсан жасты,
Тоқсаннан әрі кетіп, жүзге де асты.
Шебер сөз, асыл меруерт, шаттық күйі
Жамбылдан енді сірә құтылмасты.
Бұл Жамбыл көрген бұрын талау-таран,
Кез болды енді оған алтын заман,
Кең жатқан байтақ ұлан шежіремін,
Тарихтың домбырасын қолыма алам!
Қатардан шал болсам да қалғаным жоқ,
Досқа күй, дұшпаныма өлеңім оқ!
Жасартқан Сталиннің дәуірінде
Қарт жырым — енді сенің арманың жоқ!
Жамбылдың ардақталып бұлбұл сөзі, —
Гауһардай нұрын төккен екі көзі
Тоқсанда қайтып алып жыйырма бесті,
Жасарып қарт бабаңның тұрған кезі.
Жиырма бес маған тағы қайтып келді.
Сәлемін алтын күннен айтып келді.
Қалайша жыр төкпесін, ән соқпасын,
Шаттықтан нөсер төккен дәуірде енді!
Па, шіркін! Қайтып келді маған жастық.
Дәуірде өрге ерлеп гулеп-тастық;
Кавказдан, Алатаудан ағындатып,
Шаттықтың бұлағының кілтін аштық.


Жамбыл Жабаевтың өмірбаянын осы жерден оқи аласыздар.

 

Талқылау