Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбылдағы жарылыстың құрбандарының жеке тұлғасы генетикалық сараптаманың көмегімен әрең анықталған

Тараз маңындағы жарылыс кезінде қаза тапқан тағы үш құтқарушының есімдері анықталды. Олардың жеке басын анықтау тек генетикалық сараптама арқылы ғана мүмкін болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

Марқұмдардың жақындары соңғы сәтке дейін үміт үзбеді. Табылады, тірі деген сенімде болды. Сондықтан өздері іздеу жұмыстарын жүргізді. Бірақ 4 күннен бері  хабар ала алмаған азаматтардың денесі мәйітханада жатыпты. Бүгін сараптама қорытындысы үшуінің де жеке басын анықтап берді.

“Олар бірінші мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкері, жүргізушісі аға сержант Ғафан Жомартұлы Қуатбек 1995 жылы туған. 4 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушысы сержант Әділет Қанатбекұлы Әділбек 1987 жылғы. 4 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушысы қатардағы жауынгер Әліби Бексұлтанұлы Кеңес 1999 жылғы”, – дейді қорғаныс министрлігінің өкілі Ғани Нүсіпов. 

Қаза тапқандардың денесі туыстарына табысталды. Ал әскери  қызметкерлер Саят Әлімбаев пен Бауыржан Дәуітбаевтан еш хабар жоқ. Мәйтіханада бір адамның денесі жатыр. Ол мәйіт екеуінің біреуіне тиесілі болуы мүмкін. Ал бір адамды іздеу жұмыстары қарқынды жүруде.  

Кеше иісшіл иттің көмегімен 41 жастағы өрт сөндірушінің денесі үйіндінің астынан шығарылды. Сергей Заикин қалалық өрт сөндіру бөлімінде қарауыл басшысы болған. Оның артында екі баласы мен жары қалды. Бүгін марқұмның денесі жер қойнына тапсырылды.

“Сергей өз ісіне жауапты адам еді. Ол әр кезде арқа сүйеуге дайын, сенімді дос болатын.  Оның қаза тапқанына, арамызда жоқ екеніне әлі сене алар емеспін. Бұл бәріміз үшін орны толмас өкінішті жағдай болды”,- дейді досы Александр Остапенко. 

28 науқас ауруханада жатыр. Төртеуі ауыр хәлде. Ал қаза тапқандардың тоғызы өрт сөндіруші. Марқұмдардың отбасына бір реттік өтемақы төленетін болды. 

“Бір реттік көмек қаржы беру қарастылып отыр. Кімге қанша тиесілі екені есептеледі. Ол әр қызметкердің қанша жалақы алып келгеніне байланысты. Сол айлықтың 60 еселенген мөлшері отбасына беріледі. Зардап шеккендер де ескерусіз қалмайды”, – дейді Жамбыл облыстық ТЖД бастығының орынбасары Ералы Ақылбеков. 

Оқыс оқиғадан 106 тұрғын үй мен 12 коммерциялық нысан және үш мектеп бүлінген. Біреуі жарамсыз. Сондықтан Жібек Жолы ауылының оқушылары ертеңнен бастап Жаңатұрмыс елдімекеніне тасымалданатын болды.
 


 

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 31 Тамыз, 2021 22:03
Талқылау