Жамбылдағы әскери қоймадағы жарылыс: Екі сарбаз өздерінің кінәсіз екенін мәлімдеді
Жамбыл облысында қару мен оқ-дәрі сақталған қойманы қасақана өртеді деп айыпталған екі сарбаз 13 жылға сотталуы мүмкін. Байзақ ауданында болған болған жарылысқа қатысты сотта прокурор күдіктілерге осындай жаза тағайындауды сұраған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекеттік айыптаушы екі күдікті матаны өртеп, оқ-дәрілер тұрған қоймаға терезеден әдейі лақтырған деп мәлімдеді. Ал сарбаздардың бұл іске баруына штаб бастығымен жеке бас араздағы себеп болған көрінеді.
“Қылмыстық кодекстің 202-бабы, 3-бөлігінің 1,2-тармақтары бойынша 10 жылға бас бостандығынан айыруды, Қылмыстық кодекстің 459-бабының 2-бөлігі бойынша 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, Қылмыстық кодекстің 58-бабының 3-бөлігін негізге ала отырып, жазаны ішінара қосу арқылы түпкілікті 13 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды тағайындауды сұраймыз”, – деді Оңтүстік аумағы әскери прокурордың орынбасары Асылбек Темірбеков.
Осы іске қатысты тағы төрт офицер айыпты деп танылған. Олар салғырттық және қару-жарақты сақтауда қауіпсіздік ережелерін ескермеу бабы бойынша күдікке ілініп отыр. Прокурорлар жарылыс болған бөлім командирі мен оның орынбасарын 6 жылға соттауды сұрады. Қалған екі қызметкерді қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімінің өтіп кетуіне байланысты жазадан бостуды ұсынды.
Ал ата-аналар балалаларына жарылысты "қолдан ұйымдастрды" деп жала жабылғанын айтып отыр. Сөздерінше, дәл сол уақытта сарбаздар оқиға орнында мүлде болмаған.
Екі жыл бұрын болған жойқын жарылыстан 17 адам қаза тауып, 100-ге жуық жан жараланды. Келтірілген шығын көлемі 25 млрд теңгеден асады