Жамбыл облысындағы атыс: Төрт күдікті қамауға алынды
Видеодан скрин
Жамбыл облысында атыс шығарған 4 күдікті қолға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Мойынқұмдағы қанды оқиғадан соң жедел-іздестіру шарасын жүргізген тәртіп сақшылары алдымен екі адамға іздеу жариялаған еді. Тергеу барысында жаппай төбелес ұйымдастырғандардың қатары тағы екі адамға көбейген. 18 бен 38 жастағы төрт күдіктіні табуға Тараз, Меркі және Шу аудандарынан қосымша күш жұмылдырылған.
Тау-тасты түгел тінтіген полицейлер қашқындарды бір жерден тапқан. Жанжалға қатысқандар алысқа ұзамай, ауыл ішіндегі бір үйге тығылыпты. Әзірге жаппай жанжалға не себеп болғаны белгісіз.
“Ұсталғандардың барлығы Мойынқұм ауданының тұрғындары. Қазіргі таңда күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде”, – дейді Жамбыл облыстық ПД ресми өкілі Құндыз Бөгенбаева.
Еске салсақ, 29 шілде күні Жамбыл облысы Мойынқұм ауылында атыс болып, төрт адам жараланған еді. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер травматикалық қарудан жараланған. Полиция “адамдар тобымен, алдын ала сөз байласу арқылы немесе бұзақылық ниетпен екі немесе одан да көп адамды өлтіруге оқталу” бабымен қылмыстық іс қозғады.

Үлескерлерге қатысты заң өзгереді, Трамптың 25%-дық баж салығы күшіне енеді: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді
