Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысындағы атыс: Алматының екі тұрғынына іздеу жарияланды

КүдіктілерФото: t.me/halyqstan

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы атыс кезінде жарақат алған жігіттердің жағдайынан хабардар етті – екі жігіт ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Полиция Алматының 1997 және 1999 жылғы екі тұрғынына іздеу жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Telegram-дағы Halyqstan арнасының жазуынша, жәбірленушілер мен мен күдіктілер қатысқан шарада басталған жанжал дүкен алдындағы төбелеске ұласқан.

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1997 және 1999 жылғы ағайынды екі жігіт жансақтау бөлімінде жатыр.

Ағасына ашық бас сүйек-ми жарақаты, мидың соғылуы, самай тұсы, кеуде қуысы мен оң жақ білектің жарақаты, оң жақ маңдай-самай аймағының және оң жақ білектің соғылған-жыртылған жаралары, оң және сол жақ жамбастың түйрелген-кесілген жарақаттары деген диагноз қойылған.

Ал інісіне сол жақ білектің, сол жамбастың және оң қолдың оқ жарақаты, ортаңғы фаланганың ашық сынығы, сол жамбастың жанама оқ жарақаты, оң жақ санының, сол жақ білегінің оқ жарақаты деген диагноз қойылған. Екеуі де ауыр халде жатыр.

Тағы екі ер адам хирургия бөліміне жатқызылды. Бірінің маңдай-желке аймағының жыртылған жарақаты, екіншісінің оң қолында оқ тиген жарақаты бар. Дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.

Күдіктілерге келетін болсақ, олардың да жеке тұлғалары анықталды. Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 1999 жылы туған Елнұр Серікбаев пен 1997 жылы туған Тұрар Рысқұлға іздеу жарияланды. Екеуі де Алматы қаласының тұрғындары.

Еске салсақ, 29 шілде күні Жамбыл облысы Мойынқұм ауылында атыс болып, төрт адам жараланды. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер травматикалық қарудан жараланған. Полиция Қылмыстық кодекстің Адамдар тобымен, алдын ала сөз байласу арқылы немесе бұзақылық ниетпен екі немесе одан да көп адамды өлтіруге оқталу бабымен қылмыстық іс қозғады.

 

Аида Тақабаева
Сәрсенбі, 30 Шілде, 2025 19:00
Талқылау
`