Жамбыл облысында тұрғындар жарылыс дыбыстарын естіген: Министрлік түсінік берді
Әлеуметтік желіде Жамбыл тұрғындары жарылыс дыбыстарын естігенін айтып, шулаған болатын. Қорғаныс министрлігі оқ-дәрі қалдықтарын жару жұмыстары басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Бұған дейін хабарланғандай, Жамбыл облысының Байзақ ауданында қорғаныс министрлігінің инженерлік-саперлік бөлімшелерінің күшімен оқ-дәрі қалдықтарын бақылаумен жару басталды. Жұмыс осы жылдың 13 қарашасына дейін, дүйсенбіден жұмаға дейін күнделікті жүргізіледі. Бұл үшін әскери бөлімнен және елді мекендерден 12 шақырымнан астам қашықтағы таулы жер таңдап алынды", – деді Қорғаныс министрлігінен.
Әр отбасыға 10 миллион теңге: Жамбыл облысындағы жарылыста жапа шеккендерге қандай көмек көрсетілді?
Ведомство мәліметінше, мамандар тобы жергілікті халық пен инженерлік-саперлік бөлімшелер жеке құрамының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін таңдалған жер учаскесін толығымен зерделеген. Жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті халыққа жару жұмыстарының жүргізілуі туралы алдан ала хабарланған.
"Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлерін тарта отырып, әскери полиция күшімен жару орнының айналасындағы аумақ қоршалды. Жару кезінде дыбыстық әсер болады. Жүргізілетін жұмыстың жергілікті халық үшін қаупі жоқ", – делінген таратылған ақпаратта.
Еске салайық, 26 тамыз күні кешке Тараз маңындағы инженерлік оқ-дәрілер сақталатын әскери бөлімнің қоймасынан өрт шықты. Өрт салдарынан онға жуық жарылыс болды. Нәтижесінде 100-ге жуық зардап шегуші ауруханаларға жатқызылды, оның 49-ы төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері. Жарылыстан 17 адам ажал құшты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған болатын. Сондай-ақ қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетті.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
