Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында түнде болған жер сілкінісі видеоға түсіп қалған

Әлеуметтік желіде Қазақстанның оңтүстік аймағында түнде болған жер сілкінісінің видеолары тарап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Видеода Жамбыл облысының Меркі ауылында болған жер сілкінісінің сәті мен оның салдары көрсетілген. Сейсмологтардың мәліметінше, дүмпулер дәл осы елді мекенде ең қатты сезілген.

Жамбыл облысындағы жер сілкінісі салдарынан Қарақыстақ ауылындағы Мәдениет үйінің қабырғасында, Меркі аудандық ауруханасы мен Ойтал ауылындағы мектеп ғимараттарында жарықтар пайда болған. Қазір жағдайды облыстық жедел штаб зерттеп жатыр. Ал зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.


Алматы мен Қытай сейсмикалық қауіпсіздік бойынша бірлесіп жұмыс істейтін болды


Еске салайық, бұған дейін 28 наурызға қараған түні қазақстандық сейсмологтар жер сілкінісін тіркеді. Оның эпицентрі республика аумағында Алматыдан 323 шақырым оңтүстік-батыста орналасқан.

Жер сілкінісінің есептік қарқыны:

Меркі ауылы – 5 балл

Құлан ауылы – 4 балл

Шу қаласы, Тараз қаласы, Төле би ауылы, Сарыкемер ауылы, Қордай ауылы, Аса ауылы, Мойынқұм ауылы – 2 балл.

Бұдан бөлек, 28 наурызда Астана уақытымен 06:17-де Қырғызстан аумағында 4,4 магнитудалы жер сілкінісі тіркелді.

Талқылау