Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында төтенше жағдай кезінде бөлінген 3,7 миллиард теңгеден соқыр тиын ала алмаған диқандар наразылыққа шықты

Жамбыл облысында төтенше жағдай кезінде бөлінген 3,7 миллиард теңгеден ештеңе ала алмадық деген диқандар шағым білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро 31 арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан алынды

Диқандардың айтуынша, атқарушы билік жоғарыға жалған ақпарат берген. Нәтижесінде бүтін бір ауданның шаруалары өтемақы ала алмай қалған. Олардың әрекетіне наразылық ретінде диқандар өнбей қалған өнімдерін облыс әкімдігінің алдына арқалап әкелген. Олар арнайы келген мамандардың сөзіне сеніп жиын-терін жасамаған. Осылайша қазанда қамбаға түсуі тиіс дақылдар далада қалған. Себебі аудан басшылары әу баста төтенше жағдайдан бар өтемақы төленеді деп сендірген көрінеді. 

"Ауданнан мамандар, комиссия және аудан орынбасары келді. Олар Төтенше жағдай жарияланады. Өнімдеріңізді комиссия келіп тексереді. Соған дейін өнімдеріңді жинамаңыздар деді. Біз сол сөзбен әлі жинаған жоқпыз. Өнім осылай егістікте жатыр", – деді диқан Дәулет Төлепбаев. 

Дегенмен жергілікті билік айтқанынан айнып, су басында отырған ауылда тіршілік нәрінен тарыққан жағдай тіркелмеді деп есеп жүргізген. 

"Жүгеріміз осындай болып күйіп жатыр. Ал бізге Жамбыл ауданына төтенше жағдайдан бөлінген қаражат жетпей жатыр. Себебі су болды дейді. Су болса, осылай келеміз бе? Шаруалар осылай жүре ме? Каналда судың жоқтығын жасыру", –  деді Қаратау қаласының тұрғыны Нұрғазы Төлепбаев. 

Фото: Видеодан алынды

Жаз бойы еткен еңбегіміз текке кетті деген диқандар әкімдік алдына солған жүгері сотасын жайып, жәрмеңке ұйымдастырды. Алайда сату үшін емес облыс әкімін сендіру үшін. Басу айтуға шыққан облыс әкімінің орынбасары ел бюджетінен бөлінген қаржыны жамбасқа басқан жағдай болмады дейді. Тек ауданда құрылған комиссия зардап шеккен диқандардың тізімін бермепті.

"Ауданның әкімдігі төлемге жататын шаруалар тізімін ауылшаруашылық басқармасына ұсыну керек. Төлемге ұсынғаннан кейін біз ешқайсысын тоқтатып жатқан жоқпыз. Бізге келген ақшаның басым бөлігін төлеп біттік. Қалып кеттім деген ештеңе жоқ. Басқа аудандарда да қалып кеттім деген шаруалар болды. Алғашқы тізімде. Біз кейін қайтадан акт жасатқызып жаңа тізіммен төлем жүргіздік", - деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек. 

Халық жергілікті әкімдіктің жоғарыға жалған ақпарат беру сырын Райс каналымен байланыстырып, төрт жылдан бері құрылысы бітпеген арнаның кем-кетігін көрсетпес үшін осылай етті деп есептейді. Осы жылы қабылдануы тиіс каналдың кемшілігін көре тұра көз жұма қарай алмаймыз дейді көпшілік. Егер өтемақы төленбесе шығынға ұшырағанымыздан бөлек үйімізден айырыламыз деп алаңдап отыр. 

"Қазсушар" мекемесімен келісімге отырған диқандар келісілген су алмағанын айтады. Осылайша қуаңшылыққа ұрынғандарын сендіру үшін енді аудан әкімімен соттасуға бел буған. 

Талқылау