Жамбыл облысында соққыдан қайтыс болған баланың анасы сот үкіміне наразылығын білдірді
Жамбыл облысы Байзақ ауданы Құмжота ауылындағы ашық дәретханада жасөспірімнің өліміне қатысты атышулы іс аяқталды. 14 жастағы жасөспірім Мирас Мәлікті мектеп әжетханасында ұрып-соққан жоғары сынып оқушылары сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Сот мәліметінше, мектеп оқушысы әжетханада шыққан жанжал кезінде, кезекті соққыдан кейін жерге құлап, сол жерде көз жұмған. Іс бойынша үш айыпталушы бар. Бірақ олардың екеуіне ғана нақты үкім шығарылды. Сот оларды 6 жыл 8 айға соттады. Ал үшіншісіне бір жыл бас бостандығынан шектеу жазасы берілді. Сонымен қатар, қайтыс болған баланың ата-анасына өтемақы төленеді. Алайда жасөспірімнің ата-анасы әлі де наразылығын білдіріп жатыр. Олар жазаны күшейтуді талап етіп отыр.
“Сот заңды өкілдерін моральдық шығынды өтеуге міндеттеді. Жәбірленушіні ұрып-соққан сотталушылардың бірінің заңды өкілінен 6 миллион теңге өндіріп алдық. Істің тағы бір қатысушысының заңды өкілінен 5 миллион теңге өндірдік. Алайда, марқұм мектеп оқушысының отбасы бұл үкімге наразы болған. Ана 16 жастағы барлық балалар қатаңырақ жазаға тартылуы керек деп санайды”, – дейді Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Гүлмира Әлімқұлова.
Ал марқұмның анасы Раушан Құдасованың сөзінше, сотталушыларға әділ шешім шығарылмады. Оларға өте аз жыл берді дейді.
“Олар менің баламды өлтірді. Ұлым небәрі 14 жаста еді. Менің ойымша, оларға өте аз жыл берілді. Олардың біріне бір жыл бас бостандығынан шектеу жазасы берілді. Неліктен? Биыл сәуір айының соңында ұлымыздың өмірден өткеніне бір жыл толады. Ал оның мерзімі өтіп кеткен болып шықты. Үшеуі менің баламды ұрды! Біз апелляциялық шағым түсіріп, барлығына жазаны күшейтуді талап етеміз”, – дейді марқұмның анасы.
Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысында сегізінші сынып оқушысы жоғары сынып баласының соққысынан көз жұмғанын жазған едік. Көз жұмған баланың жақындары жағдай туралы айтып берген.