Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында аңға шыққан 12 жасар бала сыныптасын атып тастады

Жамбыл облысында сыныптасымен аңға шыққан жасөспірімнің бірі оққа ұшып ажал құшты

Фото: Ru.freepik.com

Мойынқұм ауданына қарасты Құшаман ауылында түнде аңға шыққан жасөспірімнің бірі абайсызда оққа ұшып, көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

13 жастағы сыныптас екі бала түнгі аңшылыққа шыққан. 

“Жасөспірімдер қоян аулап жүрген. Балалардың бірі қоянға оқ атқаннан кейін ол жаққа барып, жаралы аңды іздеген. Алайда қоян қашып кетпек болған. Сол сәтте екінші бала оны тоқтатпақ болып тағы да оқ атқан”, – дейді ауыл тұрғындары.

Екінші рет атқан оқ жанындағы досына тиген.

Жамбыл облысы полиция департаменті бұл факт бойынша абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекет бабымен сотқа дейінгі тергеуді бастады.

“Полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, бөлімшеге жеткізді. Қазір істің толық, жан-жақты және объективті тергелуін қамтамасыз ету үшін барлық қажет тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сонымен қатар кәмелетке толмаған балалардың ата-аналарының өз міндеттерін тиісінше орындамауы және бақылаусыз қалдыруы салдарынан балалардың атыс қаруына қол жеткізуіне байланысты олардың жауапкершілігі қарастырылып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге деректер тергеу мүддесіне орай жария етілмейді", – деп мәлімдеді полиция.

Мойынқұм тұрғындарының айтуынша, бүгін ауданның орталық алаңына халық көп жиналған. Бұл жағдайдың аталған оқиғамен байланысы бар-жоғы әзірге белгісіз.

Айым Болатқызы
Жұма, 17 Қазан, 2025 15:54
Талқылау