Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында шетелдік азамат басқаратын өндірісте апат болып, екі адам көз жұмған

 

Жамбыл облысында украиналық азамат басқаратын өндіріс орнында жарылыс болған. Соның салдарынан үш адам зардап шегіп, екеуі күйіктен көз жұмған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бғдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Апаттан зардап шеккен қызметкер

Апат бір жарым ай бұрын Талас ауданындағы цемент зауытында болған. Жәбірленушілердің айтуынша, кінәлілер істі жабуға тырысуда.

Бұған дейін де пештен ақау шығып жұмысшылар жеңіл жарақатпен құтылыпты. Алайда бұл жағдай еңбек инспекциясына да, құзырлы органдарда да тіркелмеген. Жарақат алған жұмысшы енді тергеу әділетсіз өте ма деп алаңдаулы.

Зардап шеккен қызметкерлердің терісіндегі жара күйіктен қызыл етке дейін өткен. Бір жарым ай бұрын Талас ауданындағы Жамбыл-Недр цемент зауытында жарылыс болып, бес адам ішінде қалған. Оның екеуі күйіктен көз жұмды, ал үшеуі үйлерінде емделуде. Компания басшылары сырт көзге көрінбей, ым-жымын білдірмей, жеке дәрігер жалдауға көндіріпті.

“Ешқайда бармаңдар, ауруханаға бармаңдар, тіркелмеңдер, емді үйде қабылдаңдар, жазылғанша демала тұрыңдар” деді. Мемлекеттік ауқымда қаралатын болғандықтан, президенттің құлағына, министрлікке жетпесін деп қызметкерлерге ақша беріп, дәрігерлердің ескертуіне қарамастан, шығарып алды. Бәрі көз алдымда болды. Мені шығара алмады, өйткені өте ауыр халде болдым. Бұл пеш бұған дейін де бірнеше рет жарылды”, – деді “Жамбыл-Недр” ЖШС қызметкері Елдос Жолдыбаев.

Зауыттың басшылығы апат болғанын жасырмады. Алайда жарылыстан қаза тапқан және жарақат алған азаматтарға тиісті көмек көрсетілгенін айтады.

“21 нен 22 не қыраған күні қыркүйекте пеште шоқ шашылды. Жарылыс деуге келмейді. Қаза тапқандардың отбасына көмек көрсетіліп жатыр. Олар жансақтау бөлімінде мерт болып жүріп кетті. Қалғандарына да көмек көрсетілуде. Жүз мың теңге көп не аз екенін мен білмеймін. Бірақ ол кісіге көрсетіліп жатқан көмек ретінде ем-домын қабылдап, осымен жазыл деген сөз емес, біз әлі де көмектесеміз”, – деді “Жамбыл-Недр” ЖШС басшысы Ербол Шалабаев.

Компания өкілдері зауытта бұған дейін жарылыс болды дегенді растаған жоқ. Еңбек инспекциясы өлім аузынан қалған жәбірленушінің өзін кінәлі деген қорытынды шығарған.

“Бұл жерде ол адам болмау керек еді. Жолдыбаев жұмыс орнын тастап кеткен. Тікесін айтпағанда, ол жерге түспегенде, оған ештеңе болмайтын еді. Ал басшымыз – Украина азаматы, оның бұл жерде тұруға ықтияр хаты бар. Жұмыс істеуге құқылы”, – деді Жамбыл облысы әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Еркін Ибрагимов. 

Полиция "еңбекті қорғау ережелерін бұзу" бабымен қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді. Ал еңбек инспекциясының қорытындысымен жәбірленуші келіспейді. Сондықтан тексерісті Астанадан алдыруға ниетті.

Талқылау