Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында "Менің Қазақстаным!" атты форум өтті

Жамбыл облысында аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен "Менің Қазақстаным!" атты форум өтті. 

“Бүгінде Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран – әр қазақ мақтан тұтатын, халқымыздың береке-бірлігін арттыра түсетін бойтұмарымыз.

Рәміздерді қастерлеу – біздің ортақ парызымыз. Мемлекеттік рәміздер – кез келген мемлекеттің егемендігі мен тұтастығының бейнесі. Осынау нышандарымыз төрімізден түспей, туымыздың тұғыры биік болсын!

Мемлекеттік Тудың авторы Шәкен Ниязбеков Жамбыл өңірінің тумасы және ел мақтанышы. Өткен жылы тарихи тұлғаның есімі өзінің кіндік қаны тамған Жамбыл ауданындағы Бесжылдық ауылына беріліп, ауыл маңында Мемлекеттік Ту-Тұғыры көтерілді. Бұл Мемлекеттік рәміз мен тұлғаға көрсетілген құрмет!

Баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтай отыра, Еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын тілеймін! Аспан түсті Туымыз, асқақ Әнұранымыз, айбынды Елтаңбамыз бар еліміз мәңгі жасай берсін”, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы бірқатар патриот азаматтарды марапаттады.

Бұдан соң Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының концерттік бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды.

Айта кетейік, бұл күні Мемлекеттік рәміздер мерекесіне арналған арнайы авто-шеру ұйымдастырылды.

Дидар Халық
Сенбі, 04 Маусым, 2022 12:24
Талқылау