Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында қайтыс болған науқас бірнеше адамның өмірін құтқарып қалды

бірнеше науқасты құтқарып қалған донор

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Жамбыл облысында ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, қайтыс болған науқас бірнеше адамның өмір сүруіне көмектесті. Дәрігерлер марқұмның ағзаларын трансплантация жасап, басқа науқастарға салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

49 жастағы ер адам ми қан айналымы бұзылып, миына қан құйылып, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер науқастың өмірін аман алып қалуға бар күшін салғанымен, науқастың ағзасы емді қабылдамады. Үшінші күні науқастың миы өлді.

“Барлық қажет құқықтық рәсімдеуден және отбасынан келісім алғаннан кейін басқа адамдарға өмір сүруге мүмкіндік беру туралы маңызды және дұрыс шешім қабылданды.
Науқастың өмірлік маңызы бар ағзалары, атап айтқанда жүрек, бауыр және бүйрегі алынды”, – деп мәлімдеді денсаулық сақтау министрлігі.

Жүрек шұғыл түрде Шымкенттегі трансплантацияға мұқтаж жас науқасқа жіберілді. Бауыр мен бүйректі донорға зәру науқастарға трансплантаттау үшін Астанаға жеткізілді.

бірнеше науқасты құтқарып қалған донор

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Бір адамнан көп орган алу –  бұл қайтыс болған донордан кейін трансплантаттау үшін бірден бірнеше ағза алу процесі. Бұл процесс медициналық мекемелер мен авиация арасындағы үйлесімді жұмысты, дайындықты қажет етеді.

Министрлік донордың отбасына бірнеше науқастың өмірін сақтап қалып, батыл шешім қабылдағаны үшін шын жүректен алғыс айтты.

Бұған дейін Алматыда алғаш рет екі адамға көздің қасаң қабығы трансплантацияланған еді.

Айым Болатқызы
Жұма, 27 Маусым, 2025 12:22
Талқылау