Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында қарасораны заңды түрде өсірмек

Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі көшпелі үйлестіру кеңесінде атышулы Шу алқабын экономикалық дамыту туралы ұсыныс айтылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Шу ауданындағы кездесуде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың есірткі сатқандар үшін жазаны күшейту туралы бұйрық бергенін еске алды.

"Жамбыл облысының аумағында 100 мың гектардан астам жабайы қарасора  бар. Мысал ретінде, басқа елдердің сәтті тәжірибесін алып, қарасораны медициналық мақсатта қолдануға мүмкіндік беретін қауіпсіз және тиімді жүйені құрудың уақыты келді. Бұл жоба табысты іске асырылған жағдайда, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосатыны сөзсіз", - деді әкім.

Инвесторлар да бар. "Zhana Zhol Holding limited" ЖШС директоры Александр Ким Жамбыл облысы аумағында медициналық қарасора өсіру және өндіру бойынша инвестициялық жобаны ұсынды. Компания ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге, сораны культивациялау және қайта өңдеу саласында заманауи технологияларды енгізуге, дәрілік заттарды дайындауға арналған компоненттерді алуға ниетті. Жергілікті халық жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі.

"Өңірдің климаттық жағдайы мен географиялық орналасуы шикізатты өңдеуге де, дайын дәрілік заттарды өндіруге де мүмкіндік береді", - деп атап өтті Александр Ким.

Ол жобаны кезекпен зерттеу жұмыстарын жүргізумен, еліміздің қолданыстағы заңнамасына өзгерістер енгізумен және экономиканың жаңа кластерін қалыптастырумен іске асыруды ұсынады.

Бердібек Сапарбаев барлық мүдделі тараптардың бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті.

"Бірінші кезеңде пилоттық жобаны іске асыру қажет. Осылайша біз тәуекелдерден қорғанамыз. Жергілікті мемлекеттік органдар министрліктермен тығыз ынтымақтасып, жобаны іске асыруды кешіктірмеуі керек", - деді Жамбыл облысының әкімі.

Талқылау