Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында карантин режимін қатаңдатты

Жамбыл облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Салтанат Әлібаева 19 қазан күні түн ортасынан бастап өңір аумағында карантин шараларын қатаңдату туралы қаулыға қол қойды,  деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

карантин

Қаулыға сәйкес, балаларға да, ересектерге де арналған барлық ойын-сауық мекемелерінің (караоке, бильярд, компьютерлік және түнгі клубтар, боулинг орталықтары, жабық орындардағы балалар ойын алаңдары мен батуттар, букмекерлік кеңселер мен кинотеатрлар) жұмысына тыйым салынады.

Демалыс және мереке күндері азық-түлік және азық-түлік емес жабық базарлар, сонымен қатар, ішіндегі супермаркеттер мен дәріханаларды қоспағанда, сауда және сауда-ойын-сауық орталықтары жұмыс істемейді.

Адамдар көп жиналатын көпшілік, ойын-сауық, мәдени-демалыс және отбасылық-еске алу шараларын өткізуге, оның ішінде үйде ұйымдастыруға тыйым салынады.

Мал базарларының қалыпты режимде жұмыс істеуіне тыйым салынған. Оларға санитария талаптарын қатаң сақтай отырып, тұтынушыларға ет жеткізуді ұйымдастыруға рұқсат етіледі.

Жерлеу рәсімін өткізу кезінде 30-дан астам адамның жиналуына  рұқсат етілмейді. Жиналғандар кемінде екі метр қашықтықты сақтау қажет.

Сонымен қатар, атқарушы, құқық қорғау органдарының, жедел жәрдем қызметі мен санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің, авариялық және құтқару қызметтерінің қызметкерлерін, сондай-ақ стратегиялық және тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің қызметкерлерін қоспағанда, тұрғындарға облыс аумағы бойынша 23:00-ден 6:00-ге дейін жүріп-тұруға шектеу қойылды. Көшеге шығу 65 жастан асқан адамдарға шектелді.

Жамбыл облысы санитар дәрігерінің қаулысының толық мәтінімен мына жерден танысуға болады.

STAN.KZ
Сенбі, 17 Қазан, 2020 18:17
Талқылау