Қазақстандық біреудің сеніп тапсырған малын 14,5 миллион теңгеге сатып, ақшаны құмар ойынға салып жіберген
Фото: pixabay.com/katerinavulcova
Жамбыл облысында ер адам жұмыс берушінің 184 қойын, 17 сиыры мен 10 бұзауын рұқатсыз сатып жіберген. Қылмыстық кодекстің 189-бабының 1-бөлігімен қозғалған қылмыстық іс Тұрар Рысқұлов аудандық сотында қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі облыстық сотқа сілтеме жасап хабарлайды.
Сот дерегінше, 2018 жылы сотталушы С мен жәбірленуші А жазбаша еңбек шартын жасасып, оған сәйкес жәбірленуші А сотталушыға 63 бас ірі қара малын және 423 бас қойды бағуға сеніп тапсырған.
2024 жылдың қыркүйегі мен 2025 жылдың қаңтары аралығында сотталушы С жұмыс берушінің сенімі мен бақылауының жоқтығын пайдаланып, барлығы 184 қой, 17 сиыр мен 10 бұзауды базарда сатып жіберген. Ал одан алынған қаражатты өзі иемденіп, құмар ойындарға жұмсаған. Салдарынан жәбірленушіге 14,5 млн теңгеден астам сомада материалдық залал келген.
“Сотта С кінәсін толық мойындап, жәбірленушіге келтірілген залалды толық көлемде өтегенін айтты. Жәбірленуші А сотта залалды өтеу фактісін растады және соттан оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады. Сот кінәні мойындауды, жасаған ісіне өкінетінін және кәмелетке толмаған балалардың болуын жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды”, – делінген сот хабарламасында.
Сот үкімімен сотталушы Қылмыстық кодекстің 189-бабының 1-бөлігі – Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.
“Бұдан бөлек, сотталушы С-ға жазаны өтеудің барлық мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағат мерзімге мәжбүрлеу еңбек жұмыстары тағайындалды”, – дейді сот өкілдері.
Сот үкімі заңды күшіне енді.

Шымкенттік кәсіпкер Айгүл Орынбекті 10 миллион теңгеге алдап кетті деп айыптады: Бұл оқиға немен аяқталды?
