Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында бес баланың анасы 7 жыл бойы алимент төлемеген

Жамбыл облысы Шу ауданында бес баланың анасы алимент төлеуден жалтарғаны үшін тергеуге алынып, берешегін өтеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: aif.by

24 қаңтарда Шу ауданы прокуратурасының бастамасымен полиция бөлімі бес баланың анасы алимент төлеу жөніндегі міндеттемелерін орындамау фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 139-бабымен (Кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағуға сот тәртібімен өндіріп алынатын алименттің мөлшері) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. 2018 жылдан бастап 1,4 миллион теңге берешек жиналған.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында оның алимент төлеуге мүмкіндігі болғаны, алайда төлеу үшін қажет шаралар қолданбағаны анықталды. Бұдан бөлек, борышкердің меншігінде үйі және жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер телімі бар екені анықталды. 25 ақпанда тараптардың өзара келісімі бойынша аталған үй алимент берешегін өтеу есебінде берілді.

Медиативтік келісімге сәйкес, борышкер алиментті тұрақты түрде төлеуге міндеттелді.

11 наурызда екі жақтың татуласуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылды. Бұл ақтауға келмейді. Дегенмен қабылданған шаралар профилактикалық түрде әсер етті және алимент бойынша берешектің толық өтелуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.



Еске салайық, бұған дейін қазақстандық ер адам бұрынғы әйелін балалары 18 жасқа толғанша асырауға міндеттелді. Соттың ресми Telegram-каналындағы мәліметке сәйкес, бұл азаматтық істі кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарастырған. Істе бұрынғы зайыбы екі ортақ баласына қамқорлық жасап отырғаны және олардың ІІ топтағы мүгедектігі бар екені көрсетілген. Әйел табысы жоқ болғандықтан, бұрынғы күйеуінен материалдық көмек сұраған. Алайда ер адам оған қаржылай қолдау көрсетуден бас тартқан. Сот әйелдің пайдасына шешім шығарып, ер адамға ай сайын 12 АЕК көлемінде алимент төлеуді міндеттеді. Төлемдер балалардың мүгедектік мерзімі аяқталатын 2026 жылдың 27 қарашасына дейін жалғасады.

Талқылау