Жамбыл облысында балалар әкімдік ғимаратында оқуға мәжбүр

Фото: Видеодан скрин
Жамбыл облысының Құшаман ауылындағы оқушылар әкімдік ғимаратында оқуға мәжбүр. Өйткені олардың мектебі апатты жағдайда деп танылып, оны бұзу жоспарланып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Жетінші арнаға” сілтеме жасап хабарлайды.
120-дан астам бала мемлекеттік қызметкерлермен бір ғимаратта сабақ оқиды. Бір жерде әкімдік те, балабақша да, кітапхана да, тіпті полиция бөлімшесі де орналасқан.
Ескі, шағын кабинеттер сабақ өткізуге қолайсыз. Ал дене шынықтыру сабағы тіпті далада өткізіледі. Бұл жерде оқушыларды "шынықтырудың" өзіндік тәсілі осындай.
“Биыл наурыз айында мектебіміз апатты жағдайда деп танылып, бізді осы ғимаратқа көшірді. Мамандар оқу орнын әрі қарай пайдалануға жарамсыз деп шешкен. Қазір біз алты кабинетте, екі ауысыммен оқимыз”, – деді Құшаман ауылының мектебінің директоры Нұржан Саденов.
Бір ғимараттың ішінде бірден бес ұйым орналасқан. Мектеппен қатар, мұнда балабақша, кітапхана және тіпті полиция бөлімшесі де жұмыс істейді. Ал мұғалімдер тіпті сабаққа дәлізде отырып дайындалады.
“Әрине, мәселе бар. Дәретхана далада орналасқан. Ұлдар мен қыздарға бөлек етіп өз күшімізбен салып алдық”, – дейді мұғалімдердің бірі Нүркен Жұманалы.
Ауылда жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Шенеуніктердің айтуынша, жоба дайын. Жоспарға сәйкес, жаңа оқу орны екі жылдан кейін бой көтеруі тиіс, бірақ құрылыс жұмыстары әлі басталған жоқ.
“Жобалық-сметалық құжаттама 19 сәуірде дайындалып, облысқа жіберілді. Жол картасына сәйкес, мектепті пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған. Ол 100 оқушыға арналған болады”, – дейді аудандық білім бөлімі басшысы Мәлік Мұқашов.
Еске салайық, Мойынқұм ауданында тағы бір мектеп апатты жағдайда, ал тағы бірі күрделі жөндеуді қажет етеді.
"Бағасы Еуропадан 10 есе төмен": Қазақстанға БАӘ, Ұлыбритания, Германиядан шетелдіктер медициналық көмек алуға келеді