Жамбыл облысында атыс болып, төрт адам жараланды
Фото: Жамбыл облысы полиция департаменті
Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында төрт ер адам оқ жарақатын алып, полиция қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 29 шілде күні болған.
“29 шілде күні шамамен 21:30-да Жамбыл облысы Мойынқұм ауылында аудандық ауруханаға төрт ер адам оқ жарақатымен жеткізілді”, – делінген хабарламада.
Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер травматикалық қарудан жараланған.
“Аталған факт бойынша қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 2-бөлігі бойынша (Адамдар тобымен, алдын ала сөз байласу арқылы немесе бұзақылық ниетпен екі немесе одан да көп адамды өлтіруге оқталу) қылмыстық іс қозғалды”, – деп хабарлады ведомство.
Құқық қорғау органдары күдіктілерді анықтап, ұстау үшін жедел-іздестіру шаралар жүргізіп жатыр.
“Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды”, – делінген хабарламада.