Жамбыл облысында 800 миллионға салынған мектеп бес жылға жетпей қирағалы тұр
Жамбыл облысында 800 миллионға жуық қаржыға тұрғызылған мектеп 5 жылға жетпей қирағалы тұр. Білім ұясының тас едендері отырып, ішкі аралық қабырғалары төбесінен ажырап кеткен. Мектеп әкімшілігі нысанның мұндай күйге түсуіне құрылыс жұмыстарының сапасыздығы себеп болғанын айтады. Сондықтан, мектеп, балабақша сынды ғимараттарды тұрғызған компанияларға талапты күшейтіп, кепілдік мерзімін ұзарту керек деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабаралайды.
Мектептің ішкі аралық қабырғалары төбесінен ажырап, жарықтар пайда болғаннан кейін білім ордасының башылығы аудандық әкімдікке хабарлайды.
"Қабырғалардың бәрі жарылып кетті. Содан кейін біз сұраныс бергенбіз. Ауданнан келді, құрылыс бөлімінен келді, әкімшіліктен келді. Бәрі тексеріп, суретттері де бар оның бізде", - деді А. Тұрғымбаев атындағы мектеп директорының орынбасары Жұман Өмірбаев.
Директордың орынбасары бұл жағдайға мектептің саз жерде орналасуы мен құралыстың сапасыздығы себеп болды деп болжайды. Айтуынша, мұндай құрылысты жүргізген компаниялар тек үш жылға ғана кепілдік береді. Мерзімі аяқталған соң оларға туындаған мәселе жайлы айта алмайсың деп ашынады. Ал аудандық білім бөлімінің басшылары жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 6 млн 500 мың теңге қарастырылғанын мәлімдеді.
"Инженер-құрылысшыларымыз зерттей келе едендері төмен түсіп кеткен, дұрыс құрастырылмаған деді. Соның нәтижесінде биыл жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сапасыз құрылыс болған, бірақ кепілдік мерзімі өтіп кеткен", - деді Меркі аудандық білім бөлімінің бас маманы Қуат Зетқұлов.
Әкімдік өкілдері құны 744 млн теңге болатын 300 балаға арналған мектепті "Тараз-Инвест" құрылыс компаниясы соққан дейді. Ал ағымдағы жөндеу жұмыстары 5 күннің ішінде аяқталады деп сендірді.