"Жарақаттарға қарамай, өз-өзіңді аямай жұмыс істеуің керек": Балет әртісі Камилла Жаманбаева өнердің ыстығы мен суығы жайында

Әуезді әуенге көлдің бетінде жүзген аққудай аяқтың ұшымен ғана билеп, елді тамсандырып, би өнерінің биік шыңында қалықтап жүрген балериналардың жасырған қандай сыры бар? Көрерменін патшасындай сыйлаған өнер иелері сахнаның төрінде жарқырап, ел мәдениетін көтеру мақсатында аянбай еңбек етіп, өнер көрсету үшін неден бас тартып, қандай жанкештікке барады? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне жез таңдай әнші Күләш Байсейітованың жолын қуып, өмірін өнермен байланыстырған дарынды шөбересі, 22 жастағы Камилла Жаманбаева сыр шертті.  

Бүгінде Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының қарашаңырағында 5 жыл қатарынан өнер көрсетіп, талантымен дүйім жұрттың көңілінен шыға білген ару балет өнеріне қалай келгендігі және мансап жолында қандай қиындықтарға тап болғаны жайлы баяндап берді.

- Камилла, балетке ата-анаңыздың кеңесімен келдіңіз бе, әлде өзіңіздің жүрек қалауыңыз болды ма? 

- Ең алдымен, өзімнің өнерлі отбасында дүниеге келгендігім жайлы айта кеткім келеді. Менің үлкен әжем "КСРО халық әртісі" атағының алғашқы иегерлерінің бірі, 2-дәрежелі Сталиндік екі марапаттың лауреаты; Ленин орденінің иегері, танымал опера әншісі Күләш Байсейітова. Ал атам  Базарғали Жаманбаев - профессор, кеңестік және қазақ дирижері, хормейстер, оқытушы. Қазақ КСР халық әртісі. Әжем Байсейітова Раушан - балет әртісі, Қазақ КСР халық әртісі. Анам - Сарқытбаева Құралай Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының прима-балеринасы, ҚР еңбек сіңірген әртісі. 

Анасы Сарқытбаева Құралаймен 

Өнерлі отбасында дүниеге келгеннен кейін, өнер ошағына ерте түстім. Әжеме, анама қарап, атамның музыкасын тыңдап, бала кезден бастап, балерина болуды армандадым. Арманыма қол жеткізу үшін 10 жасымда Санкт-Петербург қаласындағы А. Я. Ваганова атындағы орыс балет академиясына түсуге бел будым. Ол жақта үш жыл оқыдым. Бұл үш жыл менің өмірімдегі ең қиын кезең болды, себебі мен бөтен елде, отбасымнан жырақта академияның интернатында жатып оқыдым. Үш жылдан кейін туған қалам Алматыға оралып, "А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесіне" түстім. 

Бастапқыда ата-анам өнерге келуіме қарсы болды, себебі олар өнер жолының тым ауыр екенін жақсы білді. Алайда мен олардың ойларын өзгерту үшін нешетүрлі концерт қойып, өнерге құштар екенімді көрсеттім. Соңында ата-анамның рұқсатын алып, училищеге өз күшіммен түстім. Маған ешкім көмектескен жоқ, қазір де ешкім көмектеспейді. Біздің отбасымызда: "Өнерде бәріне өзің қол жеткізу керексің" деген қағида бар, өйткені сахнаға менің орныма ата-анам емес, мен шығамын. 

- Сіз училищеге қалай түстіңіз, білуімше, балет мектебіне түсу өте қиын, іріктеу қанша кезеңнен тұрады және одан өту үшін не істеу керек?

- Мен А.Я. Ваганова атындағы орыс балет академиясы - әлемдегі ең алғашқы балет мектептерінің бірі. Іріктеу өте қатал өткізіледі, олар ешкімді аямайды. А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесіне де түсу өте қиын. Өйткені тұлға ретінде қалыптаса қоймаған қаршадай балаларға училищенің белді мамандарының алдынан өтіп, үш кезеңнен тұратын іріктеуден өту айтарлықтай қиын. Іріктеуде баланың биге деген икемін, музыканы тыңдай білу қабілетін және ең бастысы, медициналық жағдайын тексереді. Баланың денсаулығында ешқандай кінәрәт болмауы тиіс, көру қабілеті де 100% болу керек. 

Бірінші кезеңде баланың физикалық жағдайын тексереді. Оның қадам жасауы, икемділігі, иілгіштігі мен секіруі тексеріледі. Дененің иілгіштігі өте маңызды. Көптеген балалар училищеге түсу үшін арнайы дайындықтан өткеннен кейін ғана келіп жатады, әсіресе қыздар.  

Екінші кезең медициналық тексеріс. Бала басынан аяқ дәрігердің тексеруінен өткен соң ғана үшінші кезеңге жіберіледі.

Үшінші кезеңде бала дайын би қойылымын көрсетуі керек.

Хореографиялық училищеге балалар 3-4 сыныптан кейін түседі. Көп нәрсе баланың физикалық дайындығына байланысты. Шығармашылық іріктеуден басқа балалар, математика және қазақ тілі немесе орыс тілінен сынақ тапсырады. Іріктеу кезінде қазылар алқасы балаға 3-ші сыныптан кейін түсу керек пе, әлде біраз дайындалып, 4-ші сыныптан кейін келу керек пе - соны шешеді. 

- Балетпен айналысатын балалардың балалық шақтары қалай өтеді, қанша дегенмен олардың кестесі өте күрделі және олар үнемі жаттығып жүреді емес пе? Балериналар мен спортшылар қатаң тәртіп пен талаптардың арқасында өте тез есейеді деп те жатады, сіздің кестеңіз қандай болды?

- Дұрыс айтасыз, хореографиялық училищеде оқитын балалардың күн тәртібі мен кестесі өте ауыр, өйткені біздің мектепте бала үш бағытта білім алады. Біріншісі - біз фортепианода ойнауды үйренеміз, себебі балеттің адамдары үшін бұл өте маңызды, аталмыш аспаптағы ойын бишінің есту қабілетін, қол моторикасын, координациясын жақсартады. Екіншісі- жалпыға ортақ білім, яғни қарапайым мектептердегідей химия, әдебиет, математика сынды сабақтар. Үшіншісі- классикалық балет дисциплинасы, халық биі, заманауи модерн биі, классикалық дуэт биі. Осы үш бағытта білім аламыз, сол себепті біздің күн тәртібіміз қиын, бос уақыт жоқ. Күніміз таңғы сегізде басталып, кешкі сегізде аяқталатын. 9-10-11-ші сыныптарда қосымша курстар басталады, ол кезде біз түнгі онға дейін жаттығатынбыз. Бала кезден тастай тәртіпке үйреніп қалған соң жоғары сыныптағы курстарға физикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да дайын боламыз. 

Училищеде оқитын балаларда өзінің қатарластары сияқты далада асыр салып ойнап, көңіл көтеруге уақыты болмайтын, әсіресе, курстар басталып, түлектер концертіне дайындық қызу жүріп жатқанда. Тіпті, туған-туыстарыңмен де көрісуге уақыт тапшы болатын. Ал егер сыныбыңның көшбасшысы болсаң, бос уақыт деген сөзді ұмытуыңа тура келеді. 

Өзіме келер болсам, мен тым ерте есейген сияқтымын, себебі өзімнің денеме, денсаулығыма, қимылдарыма өзім жауап беретінімді түсіндім, өйткені шалыс басқан бір қадамның кесірінен жарақат алып, ол менің болашағыма балта шабуы мүмкін еді. Сондықтан бала кезден өзімді күтіп, денсаулығыма қарап, барынша күтініп жүруге тырысамын. Ал, сайран салып, қыдырып жүруге менің артық уақытым болған емес. Аптасына бір рет демалғанда, біраз тынығып, өз-өзіме келу үшін отбасыммен бірге уақыт өткізетінмін немесе құрбыларыммен бірге кино көріп қайтуға баратынмын. 

- Балериналардың сырт келбеті қаншалықты маңызды? Артық салмаққа немесе дене бітіміңізге байланысты қысым көрген кездеріңіз болды ма? Артық салмақ қалай әсер етеді?

- Әрине, ұстаздардың тарапынан салмаққа байланысты қысым болады, бұл қалыпты нәрсе. Тіпті 100 грамм салмақ қоссаң да, мұғалім оны міндетті түрде байқап қояды. Негізінен сенің артық салмақ қосқаныңды курста бірге билейтін жұбың байқайды. Оның арқасы, омыртқасы, қолдары ауыра бастайды, ол сені жоғары көтере алмай қалады, бұл факторлардың бәрі оның денсаулығына кері әсер етеді. Өйткені ұлдар да бұл уақытта қарқынды түрде өсе бастайды, аяқ-қолдары ұзарғанымен сүйектері нығайып үлгермей қалып жатады. Мұның бәрі классикалық дуэт биінде қатты байқалады. Сондықтан қыздар үнемі диетада отырады, салмақтарын бақылаумен болады. Балериналар үшін бұл үлкен стресс. Біздің де денеміз өзгеріп, біз де өсе бастаймыз, ал өсіп келе жатқан ағза үшін, дұрыс тамақтану өте маңызды. 

Мен үшін бұның бәрі үлкен стресс болды, сонымен қатар көптеген комплекстер мен өз-өзіме деген сенімсіздік пайда болды. Балет үшін сен кішкене толықтау болуың мүмкін, ал өмірде сен өте арық болып саналасың. Егер бала өнерге қатысы жоқ отбасынан болса, онда оның ата-анасы баласының шамадан тыс арықтығын түсінбеуі және оның үнемі диетада отыруын құптамауы мүмкін. Мұның бәрі өте қиын. Артық салмаққа байланысты менің өзімнің комплекстерім бар, меніңше, әрбір балерина осы комплекспен өмір сүреді. 

- Училищеде хореографиядан басқа нені үйрендіңіз?

- Биден басқа біз үлкенге құрмет көрсетуді үйренеміз. Бұл басты ережелердің бірі, біз тіпті өзімізден бір жас үлкен оқушыларды дәлізде көріп қалсақ, міндетті түрде балеттік тағзым көрсетеміз. Жүз пайыздық тәртіп, пунктуалдылық, сөйлеу мәдениеті, осының бәрі қатаң түрде сақталуы шарт. Балериналар осылай тәрбиеленулері керек, себебі осының бәрі олар үшін болашақта өте пайдалы. 

- Сіз Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына қалай келдіңіз, олардың талаптары мен шарттары қандай?

- 3-ші курста, яғни 12-ші сыныпта оқып жүргенде біз хореография барлық бағыты бойынша мемлекеттік емтихан тапсырамыз. Емтиханда училищенің директорлары, Қазақстанның би мектептерінің ұстаздары болады. Емтиханды тапсырып болған соң оқытушылар өздеріне ұнаған оқушыларды театрларына шақырады. Бірақ бізде таңдау бар, егер бірнеше оқытушы өз театрларына шақырса, сен өзің қалағанын таңдай аласың. Менде де бірнеше таңдау болды, алайда мен Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына баруды жөн көрдім, өйткені онда менің анам мен әжем жұмыс істейді және бұл біз үшін кішігірім тарих. Мен отбасылық үрдісті жалғастырып, осы театрда жұмыс істейтін үшінші буын болғым келді. Бұл театр менің екінші үйім болып кеткендей, себебі мен бұл жерде бала кезімнен бастап анамның қасында жүрдім.  

Театрдағы басты талаптар: балеринаның сырт келбеті, оның икемділігі, координациясы, мәдениеті, балеттегі ғана емес, жалпы ішкі мәдениеті өте маңызды. Ең бастысы, әрине, талпыныс, өйткені театрға келгенде сен ең кішкентай боласың, алдыңда жылдар бойы жұмыс істеп жүрген әріптестерің болады, бәсекелестік те бар.

- Прима-балерина болу үшін қандай қасиеттерге ие болу керек?

- Әрине, ең бастысы ол физикалық жағдайың, сонымен қатар, фактура, яғни сырт келбетің. Прима-балерина болу үшін бірнеше талаптарға сай келуің керек. Арық, бойы ұзын, аяқ-қолы ұзын, басы кішкентай болу маңызды. Одан бөлек ол, әрине, еңбекқорлық, талпыныс, жігер, қайрат және жарақаттарға қарамай, өз-өзіңді аямай жұмыс істеу. 

- Сіз жұппен жұмыс істейсіз бе, онымен жұмыс жасауда ең бастысы не?

- Әр балерина жұппен жұмыс істейді. 10 сыныптан бастап, жұпта жұмыс істеуді үйренеміз. Ал, театрда міндетті түрде өз жұбың болады. Жұптағы жұмыста ең бастысы, ол сыйластық, жұбыңды сезіне білу. Өз пікіріңді ашық айта алу, себебі биде ыңғайсыздық болмау керек, сен еркін қимылдауың шарт және сондай жағдайды саған жұбың жасап береді. Бидің сәтті шығуы тікелей жұбыңа байланысты. Жұбыңның жауапкершілігі мол болуы, тұрақты, әрі мықты болуы өте маңызды, өйткені ол мені биікке көтергенде мен оған сенімді болуым керек.

- Сіздер гастрольдік сапармен әлемді жиі аралайсыздар ма?

- Карантинге дейін біз гасторльдік сапармен жолға жиі шығатынбыз. Грекия, Франция, Италия, Лондон, Үндістан сияқты елдерде болдық. Біздің театр әлемдік сахналарда өнер көрсетуіміз үшін барлық жағдайды жасауда. Бұл біз үшін үлкен тәжірбие, сондықтан да мен театрдың беріп жатқан мүмкіндіктері үшін алғысымды білдіремін.

- Сіз қазақстандық балеттің деңгейін қалай бағалайсыз, не жетіспейді, біз не нәрсеге ұмтылуымыз керек?
- Біз заман талабынан қалыс қалмай, қарқынды дамып келеміз. Бізде классикалық балет пен халық биінен басқа, модерн стиліндегі спектакльдер қойылады. Бұл біздің бір орында тоқтап қалмай, ізденіс үстінде екенімізді аңғартады. Сонымен қатар біз жан-жақты балериналармыз. Біз өте жоғары профессионалды деңгейдеміз деп санаймын. Жоғары деңгейде жұмыс істеуіміз үшін бізге барлық жағдайлар жасалған. Менің ойымша, әрбір балерина күн сайын өзінің шеберлік деңгейін арттырып отыруы керек. Қазіргі таңда елімізде өте мықты би коллективтері бар, "Астана Опера", "Астана Балет" және біздің театр. Бізбен бірге бір сахнада әлемдік балет жұлдыздары өнер көрсетеді, бұл ғажап сәттердің бірі, өйткені тәжірбиесі мол әртіспен бір сахнада өнер көрсетіп, оның кеңестері мен ақылын тыңдағанға не жетсін.

- Болашақ туралы ойларыңыз қандай, әдетте балериналар қанша жасқа дейін жұмыс істейді?

- Мен бесінші жыл қатарынан біздің театрда жұмыс істеп келемін, әлі де жұмыс істеймін деген үміттемін. Әр балерина өзінің мүмкіндіктеріне қарай жұмыс істейді, өйткені біз зейнеткерлікке басқа адамдар сияқты 58 жасымызда шығамыз, бұл біздің өнер саламыздағы өте үлкен кемшіліктердің бірі. 45 жастан асқан балериналарға жұмыс істеу, әрине, қиын, себебі жыл өткен сайын бүкіл денең сырқырап ауырады, әсіресе аяқтарың, денең ауа-райындағы әрбір өзгеріске тәуелді болып қалады, күн бұзылса, сүйектерің қақсап, мазаң кетеді. Бірақ бұған қарамастан сен жаттығуға қатысып, сахнаға жарқырап шығуың керек. Көрермен сенің ауырып, мазаң кетіп тұрғаныңды байқамауы керек, өйткені олар өнерден ләззәт алуға келеді, ал сенің ауруың - ол тек сенің ғана мәселең. Бұл мәселе қынжылтпай қоймайды, себебі денсаулық жыл өткен сайын өз дегенін жасайды. 

Дегенмен әр балеринаның өз жолы, таңдауы бар. Кез-келген сәтте оқуды аяқтаған соң міндетті түрде балерина болу керек деген талап жоқ, оның бәрі өзіңе байланысты. Қаласаң режиссер бола аласың, қаласаң балетмейстер немесе училищеде сабақ беруге болады. Ал, менің арманым болашақта өзімнің жеке балет студиямды ашып, балаларды балетке үйрету, еліміздегі өнерлі балалардың санын арттырып, мәдениетімізді жоғары дәрежеге көтеру.   

- Сәттілік сізге! Өнерімізге қосатын үлесіңіз көп болсын! 

 

 

Сұхбаттасқан: Сабина НҰРҒАЛИ

  


 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр