Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жаман ауру өмірімді өзгертті": сырқатты жеңген ана интернетті игеріп, блогерлікпен ауыл халқына көмегін тигізуде

Үміт арқалаған интернет. Қызылорда облысы Бұқарбай батыр ауылының келіні Тоғжан Құдайбергенова Кселл ұсынған желі арқылы халықпен өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп қана қоймай, талай жанның қуанышына себепші болып келеді. Ізгі іске бастамашы боп жүрген блогер келін Тоғжан парақшасын жүргізу себебін, интернеттің игілігін қалай көріп отырғанын Stan.kz тілшісіне айтып берді. 

Бұқарбай батыр ауылы облыс орталығынан 90 шақырым жерде орналасқан. 2000-ға жуық тұрғыны бар ауылға жүйрік интернет келгелі кәсіпкерлер қарасы көбейіп, белсенділігі артқан. Осы ауылға 20 жыл бұрын келін боп түскен Тоғжан Құдайбергенова да желінің мүмкіндігін пайдаланып, Instagram парақшасын өзінің кішігірім кәсібін жарнамалау үшін ашқан. Кондитер мамандығын оқыған Тоғжан сегіз жыл бұрын тәтті тағамдар дайындап, әлеуметтік желі арқылы өнімдерін сатып көрген. Бірақ 2019 жылы күтпеген жерден үрейлі хабар естіп, жұмысы тоқтап, өмірі бір сәтте өзгеріп сала берген.

"2019 жылы аты жаман ауруға шалдықтым. 5-6 ай басымды көтере алмай ауырып, Алматыға барып екі ай ем алдым. Үйге келіп төсек тартып жатып қалдым. Алайда осы аралықта ойланып, бес балапаныма қарап, солардың қызығын көруім керек деп шешім қабылдадым. Өз-өзімді қамшылап, есімді жиып, орнымнан тұрып, ақырын тірлігімді істей бастадым. Саумал ішіп өзімді-өзім емдедім. Содан Алматыға барып, қайта тексерілгенімде құлан таза айыққанымды білдім", - дейді Тоғжан.

Оның аурудан айығып шыққаны дәрігерлерді таңғалдырғаны соншалық Аудандық аурухана басшысы осы оқиғамен интернет арқылы бөлісуді ұсынған.

"Жарты жылдай ауырып, дым болмағандай жазылып кеткенімді көрген аудандық аурухана басшысы блог жүргізуімді өтінді. Ауыр жағдайдағы адамдарға үлгі болып, олардың өмірге құлшынысын оятып, үміт сыйлау үшін блог жүргізуге келдім", - дейді кейіпкеріміз.

"Желі арқылы жақын адамдар таптым"

Бірде Тоғжан парақшасына "Келіннің бір күні" деген видео салып, облыстық блогерлер сайысына қатысып, бас жүлдені жеңіп алады. Осы кезден бастап, оның танымалдығы артып, блогер-келінге айналады.

"Қазақстан-Қызылорда телеарнасы блогерлер арасында сайыс ұйымдастырды. Оған Қызылорда облысы бойынша ауыл-аймақтардан 80 шақты келін қатысқан, соның ішінен үздік шығып, облыс орталығына барып, марапат алдым. Осы кезден бастап алыс-жақын жерлерге қонаққа шақыратын болды", - дейді Тоғжан.

Ол өзінің парақшасын белсенді жүргізуінің басты себебін ешқашан ұмытпаған. Өзі секілді жаман ауруға шалдыққан адамдарға қолдау көрсетіп, олармен сөйлесіп, қонаққа барып, өмірге деген құштарлықтарын арттыру өмірлік парызына айналғанын айтады.

"Маған еріп, менің тәжірибемнен шабыт алып, біраз адам дертінен айыға бастады. Үйлеріне шақырып, менің аурумен қалай күрескенімді сұрайды. Бәлкім пайдасы тиіп қалар деп, барлығын айтып беремін. Онлайн сөйлесіп, кеңес беретін кездер болады, тұрақты жағдайларын сұрап тұрамын. Осылайша желі арқылы біраз жақын адамдарды таптым. Оларға бірінші кезекте онкологияның психологияға тікелей қатысты екенін айтамын. Адам өзі құлшынбаса, оны емдеп шығу қиын болады. Сондықтан бірінші кезекте өмірді жақсы көру керек екенін түсіндіремін", - дейді кейіпкеріміз.

"Бірнеше отбасыға үй алып бердім"

Тоғжан ауылдағы жастардың интернет мүмкіндіктерін толық қолдануға қысылатынын айтады. Алайда оның мүмкіндіктерін қолданған адам тек өз өмірін жақсартып қана қоймай, айналасындағы адамдарға көмектесе алады.

"Бес жылдан бері блог жүргізіп келе жатқан ауылдағы жалғыз блогермін. Басқалар ұялатын сияқты. Бірақ адам қаласа, бәріне үлгеруге болады. Мысалы, мен күнделікті келіндік контенттен бөлек, аудан, ауыл әкімдерімен келісіп, блогым арқылы қаражат жинаймын. Жинаған қаражатқа ауыл тұрғындарына көмек береміз. Осылайша бүгінгі күнге дейін 10 шақты отбасыға үй алып бердім. Бірнеше баланы шетелге ем алуға жібердім", - дейді Тоғжан.

Сөзінше, ауылдастары, қарапайым желі қолданушылары қаражат жинауға жәрдемін береді. Ал көмекке мұқтаж адамның деректері міндетті түрде тексеріледі, оқырманға түсіндіріледі.

20 жыл бұрын ауылда интернет түгілі жарық та болмаған дейді блогер келіншек. Алайда қазір желінің игілігін толықтай көруге мүмкіндік бар.

"Келін болып түскелі талай бейнетті көрдік. Жарықты уақытпен беретін, қара қазанға сүт пісіретін, су ысытып кір жуатын, дала жарық болғасын барлық жұмысты сыртта істейтін кездерде өмір сүрдік. Қазір бізге интернеттің ашқан жаңалықтары, мүмкіндіктері шексіз, соның бәрін ойлағанда осы күніме мың да бір шүкір деймін. Өзім интернет ауылға кіргелі бері Kcell ұсынған интернетті пайдаланамын. Мобильді интернеті де, үйдегі интернетте осы Kcell-дікі. Жылдам, еш кідірмейді, блог түсіретін мен үшін өте қолайлы. Әсіресе, онлайн кеңестер беріп хабарласқанға жиі қолданамын. Блогыма контентті үйде отырып та, сыртта жүріп те түсіре беретін болдым", - деп түйді кейіпкеріміз.

 

Айта кету керек, ауылдық елді мекендерге интернет тарту ісінде мемлекет жүйелі қадамдар жасап келеді.

Интернет жеткен ауыл халқының саны да артуда. 250+ бағдарламасының арқасында мобильді операторлар үкімет ұсынған ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етті. Соның ішінде Kcell компаниясы ауылдық жерлерде жоғары жылдамдықты интернет мүмкіндіктерін кеңейту үшін қарқынды жұмысын жалғастыруда. Бүгінгі күнге дейін міндетті бағдарламалар бойынша 468 базалық станцияны, жеке жоспар бойынша тағы 550-ге жуық базалық станция жұмысын іске қосқан.

Осылайша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша, ауылдық елді мекенде 900 мыңға жуық адам 3G технологиясын пайдаланса, 3G/4G желісін қолданушылар саны  660 мыңнан асып түскен. Бұл көрсеткіштер күн сайын өзгереді, себебі, ауылды интернетпен қамту жобасы тоқтаусыз жүріп жатыр.  

Талқылау