Жалпы сомасы 101 миллиард теңгеден астам: Әйгілі әнші Тейлор Свифт әлемдік турынан кейін командасын сыйлықақымен таңғалдырды

Тейлор Свифт әлемдік турынан кейін командасын жалпы сомасы 197 миллион доллардан асатын сыйлықақымен таңғалдырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Америкалық әнші Тейлор Свифт кейінгі жылдардағы ең табысты музыкалық жобалардың біріне айналған ауқымды Eras Tour әлемдік турын аяқтады. Соңғы концерттен кейін әртіс осы ірі жобаның жүзеге асуына үлес қосқан әрбір адамның еңбегін ерекше атап өтуді жөн көріп, командасына сыйақы ретінде кемінде 197 миллион доллар (101 миллиард теңге) бөлді, осылайша музыкалық индустриядағы бонустық төлемдер бойынша жаңа рекорд орнатты.
Тур аясында әртүрлі елде барлығы 149 концертті өтті, ол шамамен екі жылға созылды. Осы уақыт ішінде шоу 2 миллиард доллардан (1 триллион теңгеден астам) астам табыс әкелді, ал Свифт қазіргі заманның ең табысты орындаушыларының бірі ретіндегі мәртебесін нығайтты. Алайда әнші жеке пайдамен шектелмей, бұл табыс ауқымды шараны өткізуге атсалысқан барша адаммен бөлісілуге тиіс деп шешті.
Disney+ платформасында жарық көрген The End of an Era деректі фильмінде сыйақы табыстау сәті жарияланды. Тейлор әр қызметкерге сыйлықақы салынған конверттерді өзі тапсырып, қолмен жазылған хаттар қоса берген. Бұл хаттарды дайындауға оған шамамен екі апта уақыт кеткен. Хаттарында ол барынша беріліп еңбек еткені үшін алғысын білдіріп, турдың сәтті өтуіне үлес қосқандарды марапаттауды әділ деп санайтынын атап өткен.
Команда мүшелерінің көпшілігі сыйлықақы көлеміне таңданып, эмоциясын жасыра алмады. Продюсердің ассистенті Макс Холмс талып қала жаздағанын мойындаса, биші әрі хореограф Кэмерон Сондерс Свифттің хатын көпшілік алдында оқып, онда әртістің бірлескен еңбектің маңызын атап өткенін жеткізді. Нақты сомалар жарияланбағанымен, адамдардың жүзіндегі әсер мен эмоция бұл қаржының шынымен де қомақты екенін аңғартты.
Бұл сыйақының ерекшелігі – ол әртістер мен музыканттарды ғана емес, сахна сыртында еңбек еткендердің барлығын қамтыды. Олардың қатарында бишілер, техникалық мамандар, сахна жұмысшылары, дыбыс режиссерлері, жарық қоюшылар, костюмерлер, гримерлер, монтажшылар, мерчендайзинг қызметкерлері және жабдықтарды тасымалдаған жүк көліктерінің жүргізушілері де бар. Мұндай қадам Свифттің командадағы әрбір адамның рөліне қарамастан, барлығына бірдей құрметпен қарайтынын көрсетеді.
Айта кетейік, Тейлор Свифт XXI ғасырдағы ең ықпалды әрі коммерциялық тұрғыдан ең табысты әншілердің бірі. Оның музыкалық мансабы жасөспірім шағында басталып, 2025 жылға қарай көптеген беделді марапаттардың, соның ішінде “Грэмми” сыйлығының иегері атанды. Свифт хит әндерімен ғана емес, жанкүйерлерімен және әріптестерімен қарым-қатынас орната білуімен де танымал. Оның турлары үнемі лық толы өтеді, ал альбомдары әлемдік чарттардың жоғарғы орындарынан түспейді. Сонымен қатар ол қайырымдылықпен белсенді айналысып, түрлі әлеуметтік бастамаларды қолдайды.
Мұндай жомарттық Свифт командасы үшін тосын жаңалық болған жоқ. 2023 жылы да ол қызметкерлеріне сыйлықақы төлеп, жалпы сомасы шамамен 55 миллион долларға (28 миллиард теңге) жеткен, ал жүк көліктерінің жүргізушілеріне әрқайсысына 100 мың доллардан (51 миллион теңге) берілген еді. Жанкүйерлер бұл жолы кейбір қатысушылар одан да ірі сомалар алған болуы мүмкін деп болжайды, алайда ресми деректер жарияланған жоқ.
Тейлор Свифттің бұл әрекеті әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланды. Қолданушылар сыйақының көлемін ғана емес, әншінің командамен жұмыс істеу тәсілін де сөз етіп жатыр. Көпшілік мұны шоу-бизнес жұлдыздары үшін үлгі боларлық қадам деп бағалап, кез келген ауқымды жобаның табысы көптеген адамның бірлескен еңбегінің нәтижесі алға тартып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Илон Маск байлығы 700 миллиард долларға жеткен тарихтағы алғашқы адам атанғаны хабарланған еді.
Екі күнде үш рет төтенше жағдайда қонды: Авиация сарапшысы қыс мезгілінде ұшудың қаншалық қауіпті екенін айтты