Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қалған соманы жұмыс беруші төлеп береді": Әйелдер қандай жағдайда декрет төлемін 2,5 миллион теңгеден көп ала алады

Биыл сәуір айынан бастап Қазақстанда декрет демалысындағы әйелдердің төлемдері қысқартылды. Болашақ ана айына бірнеше миллион табыс тапса да, енді оның жәрдемақысы ең көп дегенде 595 мың теңге кіріске қарай есептелмек. Дегенмен бірнеше жұмыста ресми істейтін әйелдердің көбі бұл өзгерісті құптамайды. Керісінше, біздің заңды құқығымызды шектеп жатыр дейді. Осы ретте мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының ресми өкілі Гүлбағила Болатбекова декрет төлемдерінің неліктен қысқарғанын және қай жағдайда әйелдер 2,5 миллион теңгеден көп ала алатынын айтып берді. 

Фото: Stan.kz / Гүлбағила Болатбекова

“595 мың теңгеге дейін шектеу қойдық. Бұл да аз сома емес”

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының ресми өкілі Гүлбағила Болатбекова бірнеше жұмыс орнынан әлеуметтік төлемдердің қалай есептелетінін түсіндіріп берді. Сарапшы әйелдердің әр жұмыс істеген жерінен оның орташа жалақысын есептеп, 4,2 коэффициентіне көбейтетінін атап өтті.

"4,2 коэффициенті дегеніміз – Еңбек кодексінің 99-бабына (Жүктілікке және бала (балаларды) тууға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты демалыстар) сәйкес жүктіліктің 30 аптасында жұмыс істейтін әйелдерге еңбекке жарамсыздық парағы беріледі. Осылайша 70 күн бала туғанға дейін және бала туғаннан кейінгі 56 күн беріледі. Екеуін қосып, 126 күнді 30 күнге (яғни 1 ай) бөлгенде 4,2 коэффициент шығады. Сөйтіп әйелдің 4,5 айда табатын жалақысын бір реттік төлем ретінде төлейміз. Алайда кейінгі жылдары бірнеше жерде жұмыс істеймін және айлығымды қолма-қол аламын дейтін әйелдердің қатары көбейді. Дүниежүзінде әлеуметтік төлемдерге шектеу қою туралы тәжірибелер бар екенін алға тарттық. Олар орташа айлықтың есебіне сәйкес декрет төлемін де тағайындайды. Дегенмен біз орташа айлық 320 мың теңгені ескере отырып, 595 мың теңгеге дейін шектеу қойдық. Бұл да аз сома емес", – деді ол.

Гүлбағила Болатбекова осы өзгерістерге қатысты көп қыз-келіншекте сұрақтар туындап жатқанын айтты. Оның сөзінше, әйелдер өзінің бірнеше жұмыс орнында ресми істегеніне қарамастан, тек біреуін есепке алып, 2,5 миллион теңге беретініне шағымданған. Сарапшы жалақысы көп әйелдердің елімізде 3% ғана екенін тілге тиек етті. 

“Тергеу органдары осылай заң бұзғандардың түбіне жетпей қоймайды”

"Егер сіз ай сайын 2 миллион теңгеден көп тауып отырсаңыз жүктілігіңізді жеке сақтандыру компанияларында молынан сақтандара аласыз. Сонымен қатар қосымша екінші деңгейлі банктерге немесе соның қарамағындағы сақтандыру қорларына әр ай сайын салымшы ретінде төлемдер аударып отыруға болады. Елімізде 1 миллион теңгеден көп алатын компанияларда ұжымдық келісімшарттары бар. Мысалы, әйел екі миллион теңгеден көп алып жүр делік. Енді оның орташа айлығын 1 миллион теңге деп санап көрелік. Осылайша оны 4,2 коэффициентке көбейткенде, 4,2 миллион теңге шығады. Мемлекет әйелге 2,5 миллион теңге тағайындаса, ал жұмыс берушіден қалған соманы, яғни 1,7 миллион теңгені өтініш жазып сұрап алады. Мұндай азаматшалар да баршылық", – деді мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының өкілі.

Сарапшы жалған декрет төлемін жасап алған 113 әйелге (оның ішінде бухгалтерлер де бар) 16 қылмыстық іс қозғалғанын айтты. 

"Бұл жерде әлеуметтік желіде декрет төлемін қалай алу керек екені жөнінде сабақ өткізетін блогерлер, бухгалтер де жауапқа тартылады. Себебі олар бір емес, мыңдаған әйелдің заңбұзушылыққа баруына жол ашып отыр. Тергеу органдары осылай заң бұзғандардың түбіне жетпей қоймайды. Заң жүйесіне өзгеріс енгізілгеннен кейін босанған немесе жүкті әйелдердің айтатыны бір. "Біз жүктілікке дайындалдық қой. Осындай көп төлем алу үшін дайындалдық қой" дейді. Сонда жүкті болып жүргенде сізді кім жұмысқа алады? Ешкім жұмыс бермейді. Осы кезде бухгалтерлер немесе сабақ үйретушілер неліктен жүктілікті жоспарламай тұрып, жеке кәсіп ашуға кеңес бермейді?.. Жалған кәсіп немесе таныстарын тауып алады да, солардың кәсібі арқылы 12 ай әлеуметтік аударым аударып, бізден оңай ақша алғысы келеді. Біз дайындалдық деген әңгімесі сол... Бір күні тағы бір әйел ағынан жарылды. Ол мектепте адал жұмыс істеп, осынша табыс тауып, декретке шыққанын айтты. Ал оның танысы жалған кәсіп ашып, жұмыс істемей-ақ төлемдер аударып отырғанын айтып, наразы болды. Сонда осы жерде кімнің өкпесі көп болуы керек? Жалған кәсіп ашқан декреттегі әйелдер ме әлде адал табыс тауып жүргендер ме?", – деп түсіндірді Гүлбағила Болатбекова.

"Декрет кезінде 700 мың теңге табатындай қандай кәсібіңіз бар?"

Сонымен қатар сарапшы әйелдерден "декрет кезінде 700 мың теңге табатындай қандай кәсібіңіз бар?" деп сұрағанда олардың жауап бере алмай, мүдіріп қалатынын айтты. 

"Түрлі-түрлі бәліш, тоқаштар, тағамдар пісіріп, әзірлейміз дейді. Әрі кетсе оған 1000, 2000 теңгедей қосар... Себебі оны жасар алдында сіз көп сомаға шығындаласыз. Алайда есептей келгенде айлық табысы бұл 700 мың теңгеге жетпейтіні анықталады. Сондықтан осылай табыс табатындардың көбі күдікке ілінеді. Өйткені мұның бәрі – жалған ақпарат", – деді Гүлбағила Болатбекова. 

Бұдан бөлек Гүлбағила Болатбекова еліміздегі енді тек экологиялық аймақта тұратын, әсіресе, Семей полигоны аймағындағы қыз-келіншектерге 3,4 миллион теңге декрет төлемі берілетінін қоса кетті. Оның айтуынша, қазақстандық әйелдердің көбіне 126 күн – 2 499 000 теңге берілсе, ал бұл санатағы әйелдер 170 күн ретінде есептеліп, 3 391 500 теңге алатынын жеткізді. 

Сарапшы бірнеше жерде жұмыс істеп, 2 миллион теңгеден артық табатын әйелдер декрет төлеміне мұқтаж емес дейді. Гүлбағила Болатбекова жалған кәсіп ашып жүргендердің кесірінен мүгедектігі бар балаларға төленетін қаржының жетпей жатқанын айтып түсіндірді. Сарапшы, керісінше, осы балалардың жағдайын ойлап, алаяқтыққа бармау керек екенін ескертеді. Бұдан бөлек мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының ресми өкілі "жөргегімізге төлесін" деп міндетсінетін әйелдерге "өзіңізді ғана емес, халықты да ойлаңыз" деп үндеді.

Видеосұхбаттың толық нұсқасын Stan.kz Youtube арнасынан көре аласыз.

Талқылау