Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жалған ХҚКО-ның қызметкерлері: Алаяқтықтың жаңа тәсілдері жайлы айтылды

12 желтоқсан күні ҚР-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі өткізген брифингте "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік ұйымының басшысы Әсемгүл Балташева алаяқтардың тұрғындарды алдаудың жаңа әрекеті туралы ашып айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Мысалы, Павлодар қаласында алаяқтар өздерін ХҚКО қызметкері ретінде таныстырып, тұрғындарға несиелік қарыздарын жедел төлемеген жағдайда олардың ЖСН-дерін бұғаттауға түсіреміз деп қоқытыпты. Арам ниеттілер аталған әрекетті павлодарлықтардың жеке ұялы телефондарына қоңырау шалумен қатар, әлеуметтік желілерге хабарлама жіберу арқылы орындапты. Өздерінің айтқандарының растығына сендірген олар азаматтарға ақшаны аударуға болатын банктік карталарының нөмірін жіберіп отырған. 

"Мемлекеттік ұйымның қызметкерлері азаматтарға жеке-жеке қоңырау шалмайды, оның үстіне тұрғындардың ЖСН-дерін бұғаттауға түсіре алмайды", - деді Балташева. 

Қарағанды облысының тұрғыны осыған ұқсас жағдайға тап болған көрінеді. Оған өздерін ХҚКО-ның қызметкеріміз деп таныстырған адамдар коңырау соғып, елордада тұрғын үйге берген кезегіңіз жетті деп хабарлапты. Айтқандарын шындыққа жанастыру үшін алаяқтар белгісіз құжаттың суреттерін де жібереді екен. Алайда үйге қол жеткізу үшін қарызды төлеуді айтқан, бірақ ол қандай қарыз, не үшін төлену керек екендігін түсіндірмеген. 

"Мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері тұрғын үй алу туралы ақпараттан хабарсыз. Бұған қоса олар кезектің келгені жайлы тұрғындарға хабарламайды. Бұл алаяқтық жолмен ақша табудың бір тәсілі", - деді ұйым басшысы. 

Бұған қоса Балташева халыққа сақ болуға кеңес беріп, алаяқтыққа тап болған жағдайда бірден құқық қорғау органдарына хабарлауды ескертті. 


 

Талқылау