Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Жалаңтөс батырдың анасы жүкті кезінде көкжал қасқырдың төс етін аңсаған”: Айнұр Тұрсынбаева жеріктік жайлы

Айнұр Тұрсынбаева жүкті әйелдердің жеріктігі жайлы қызықты мағлұматтарды жария етті. Айтыскер бұрынғы аналарымыз қолда жоқ дүниелерге жерік болғанын жеткізді. 

Тұрсынбаеваның айтуынша, бұрынғы аналарымыз жүкті кезде қол жетпес дүниелерге аңсары ауған. Әсіресе, батырлардың анасы қасқырдың, жолбарыстың, аюдың жүрегіне жерік болған деседі. 

“Кеше қызық мағлұматты көзім шалып қалды… Бұрынғы уақытта аналарымыздың қасқырдың етіне, жолбарыстың жүрегіне жерік болғанын жыр-қиссалардан білеміз ғой... Бірақ Жалаңтөс батырдың анасы жүкті кезінде көкжал қасқырдың төс етін аңсағанын, ал Шапырашты батырдың анасы арланның бауырын шикідей жеп, жерігін қандырған екен.

Бұл жеріктік деген өзі тағам талғамайтын сияқты ғой. Қыста құлпынайды, жазда қарды іздетіп қояды... Білуімше, Саят Медеуовтің анасы Саятты көтергенде қуырдаққа жерік болыпты. Қарақат құрбымның аңсары бір баласында балыққа, енді бірінде қымызға, үшіншісінде сушиге ауғанын естігенім бар. Өзім қызанаққа, қарбызға жерік болғанмын. Ал енді сіздер айтыңыздар. Жүкті кездеріңізде не нәрсеге жерік болдыңыздар? Жеріктікпен байланысты қандай қызықты оқиғалар бастарыңыздан өтті?” – деп жазды айтыскер. 

Желі қолданушылары өз оқиғасымен бөлісіп, жеріктік жайлы ойын жазды. 

“Жақсы мағлұмат айттыңыз, аналарымыз мықты болған соң батырлар туған ғой”, “Алланың берген алты баласы бар, бірақ біреуінде жеріктік дегенді білмеппін. Сол үшін бала таба бергенмін ғой деймін”, “Мен 2012 жылғы ұлымды көтергенде шыжғырылған құйрық майға жерік болғам. Ұлым 4,5 кг болып туды”, “Мен күйеуіме жерік болғам”,” Мен төртінші баламда қойдың басына жерік болдым, көзін, құлағын жегім келді”, “Жерік деген сөзді естісем, жылағым келеді. Не жерімді білмей, супермаркетке барып заттарға қарап жүретінмін, кездесіп қалар деп, ештеңе таппай жылап қайтатынмын”, – деп жазды оқырмандар. 

Айнұр ханым желідегі оқырмандарына психологиялық кеңес беріп, өмірлік тәжірибелерін бөлісіп отырады. 

"Жаратушы иеміз бізге тура бір күндік күш береді. Әзірге болашақ туралы ойланбай тұра тұрыңыз. "Ертең тұрған соң не істеймін?" деп те бас қатырмаған жөн. Бүгінмен өмір сүріңіз. Бар күшіңізді бүгінге жұмсаңыз. Шамаңыз жеткенше, бүгінгі күннің қиындықтарымен күресіңіз. Күшіңіз жеткенше, бүгінгі күннің еншісінде қадам жасаңыз. Адам баласына үнемі бір күндік күш беріледі… Ертең ше?... Ертең барлығы да жақсы жаққа өзгеруі мүмкін. Қап-қара бұлттар да қалқып отырып, көкжиектен ары асып кетер. Ең бастысы  – бүгінмен өмір сүру!" – деп кеңес берді психолог.

Мөлдір Төлебай
Дүйсенбі, 28 Ақпан, 2022 16:53
Талқылау