Жалақысын талап еткен қазақстандық кеңседе тамырын кесті
Павлодарда құрылысшы жалақысын талап етіп, тамырын кесті. Ер адам суицид жасауға екі рет барған. Анықталғандай, компания тек оның ғана емес, барлық жұмысшылардың жалақысын ұстаған. Дәрігерлер бүгін жәбірленушінің жағдайын айтты. Ол психикалық ауытқулары бар науқастар емделетін ауруханаға жатқызылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап.
Сол күні жұмысшы өзіне екі рет қол жұмсауға әрекет жасаған. Алғаш рет ол салынып жатқан үйдің шатырынан секіруге тырысыпты. Құрылысшы мұның себебін ақша тапшылығы екенін түсіндірген. «Алем-ПВЛ» құрылыс компаниясында ол кафель жабыстырушысы ретінде жұмыс істеген. 200 мың теңге жалақысын алмағанына екі айға жуық болыпты.
«Ондағылар басқа себептердің болғанын айтады. Басқа жағдайларды алға тартуда. Соның ішінде ақша жетіспеушілігін айтты. Өзінің айтуынша, оған жұмыс желтоқсан және қаңтар айларының ақшасын бермеген», – дейді Павлодар облысының мемлекеттік еңбек бас инспекторы Асқар Қапанов.
Өзіне қол жұмсамақшы болған жұмысшыны әріптестері мен инспектор өз райынан қайтарған. Ол шатырдан жерге түскен соң барлық жұмысшылар компанияға арызданады. Алайда жұмысшыны бұл да тоқтата алмаған. Ол тамырын офисте бәрінің алдында кескен.
«Жедел жәрдем станциясының бригадасы 1985 жылы туған ер адамды Павлодар қалалық №1 ауруханасының травматологиялық орталығына өз-өзіне қол жұмсау әрекеті бойынша оң жақ білек бұлшықеті жарақатымен жеткізілді. Кезекші дәрігердің қарауында болған», – дейді Павлодар облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Мақпал Қаржаубай.
Абырой болғанда екінші суицид те сәтсіз аяқталды, жұмысшы аман-есен. Оны ауруханаға дереу жеткізіп, қолына гипс кигізілген. Жағдайы бірқалыпты. Науқас психоневрологиялық диспансерге жатқызылған. Полиция өз-өзіне қол жұмсау бойынша тексеру жұмыстарын жүргізуде.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
