Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жалақысы - 300 мың теңге, айына бір қой береміз": Қазақстандық фермерлер мал бағатын адам таппай жүр

Мал бағатын шопан жоқ! Шаруа қожалықтарының иелері осылай дабыл қақты. Шығыстағы фермерлердің тығырыққа тірелгені сонша шетелден бақташы іздеуге кіріскен. Кәсіпкерлер қанша жоғары жалақы берсек те, жалдамалы жұмысшы болуға ешкімнің келіскісі жоқ деп налиды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия бірінші" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жеңісбек Кәрімбаевтың бес мыңнан астам қойы бар. Оны небәрі үш-ақ шопан бағып жүр екен. Фермердің сөзінше, өңірде мал бағатын адам тапшы. Ал жастар бақташылыққа қызықпайды, дейді ол. Салдарынан қой шаруашылығы тығырыққа тірелуде.

"Малшы жоқ! 10 малшы керек 10 табынға, 3 ақ адамға жайдырып отырмыз. Менің ғана мәселем емес! Күні бүгінге дейін шешілмей келеді. Осыны қалай шешеміз? Тіпті анау Пәкістан, Ауғаныстаннан, алыс шетелден маман алдырайық!", - деді шаруа қожалығының иесі Жеңісбек Кәрібаев.

Шаруа қожалық иелері жастарға 300 мың теңге жалақы төлеуге дайын. Тіпті айына бір рет сыйақы ретінде 1 қой береміз дейді. Бірақ оған да ешкім келіспеген.

"Қазіргі жастар мал бағуға қызығушылық танытпайды. Бұл мал шаруашылығына да, мал дәрігерлеріне де жастар қызығушылық көрсетпейді. Өйткені, кішкене қызықтыратын ештене жоқ па деймін. Осы шаруашылықта 210 мың - айына. 30 күнге оның үстіне 1 бас қой сыйақы ретінде беріледі", - деді мал дәрігері Құмар Молданбаев.

Былтыр бақташы таппай әбден қиналған қожалық иесі Қырғызстаннан шопан алдыртыпты. Бірақ пандемия салдарынан әлгі жалдамалы жұмысшылар биыл елге жете алмай әуре-сарсаңға түскен.

"Қазір маман жоқ! Табу үшін ауданда да жоқ, облыста та жоқ! Былтыр қырғыздың 7 азаматы болды. Биыл осы мына наурыз айынан бері карантинге байланысты кісілер келе алмай отыр. Дәл қазір мал бағатын адам тапшы. Бір кадрдың жестпеушілігі бәріне қолбайлау болып отыр", - деді шаруа қожалығының иесі Жеңісбек Кәрібаев.

Ал, облыстық ауыл шарушалығы басқармасы жастарды бұл кәсіпке қызықтыру үшін малшының мәртебесін көтеріп қана қоймай, оларға жағдай жасау керек, дейді сарапшы. 

"Жалпы қой шаруашылығының мәртебесіне көтеру керек. Сондай-ақ, мал өсірумен айналысқысы келетін кез келген азаматқа жерді өз иелігіне, яғни жекеменшікке берген дұрыс. Одан бөлек мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктер болса ғана жастардың қызығушылығы болады деп ойлаймын", - деді облыстық ауыл шарушалығы басқармасы басшысы Владимир Гайламазян.

Мал бағу оңай жұмыс емес екені анық. Бірақ онымен айналысатын адам үшін барлық жағдай жасауға дайынбыз, дейді қожалық иелері.      

Талқылау