"Жалақымыз жетпейді": ШҚО-да темір жол қызметкерлері жаппай жұмысқа шығудан бас тартты
Шығыс Қазақстан облысындағы темір жол қызметкерлері жаппай жұмысқа шығудан бас тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Темір жол қызметкерлері басшылықтан жалақы көлемін 50 пайызға көтеруді талап етіп отыр.
Шар бекеті мен Өскемен бағыты бойынша жүретін пойыздардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін теміржолшылар бірнеше күннен бері жұмысқа шықпаған. 200-ге жуық қызметкер еңбекақыларын 50 пайызға көтеруді талап етуде. Себебі ай сайын алатын 180-200 мың теңге жыртығымызды жамауға жетпей жатыр дейді. Шыдамы таусылғандар талап орындалмайынша, жұмысқа шығудан бас тартып отыр. Темір жолға қызмет көрсететін қара жұмысшыларды Астанадан арнайы келген басшылар да райынан қайтара алар емес.
“Біз қазір сендерге бере саламыз деп уәде бере алмаймыз. Кезеңкезеңмен жалақыны көтереміз. Жұмыс жағдайын жақсартамыз. Біз барлық органдарға айтып жалақыны көтере бастаймыз”, – деді Dosjan temir joly АҚ басқарма төрағасының орынбасары Абылай Бадан.