Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Айлығымыз аз, қалай жеткіземіз?": Қазақстандықтар қазіргі жалақыға күн көру қиындап бара жатқанын айтып, дабыл қақты

Фото: Unsplash.comФото: Unsplash.com

Қазақстандықтар аз жалақыға күн көру мүмкін емес болып бара жатқанын айтып, желіде шағымданып жатыр. Айлық табысты қалай көтереміз деп жүргенде олар бәрі шетінен қымбаттап жатқанына наразы. Қазақстанда орташа жалақы қанша? Заңгерлер мен экономистер бұған не дейді және ресми статистиканың несі дұрыс емес? Stan.kz ақпарат агенттігі анықтап көрді.

"Мен ғана сорлымын ба?"

Қазақстан азаматтары аз жалақы алатынын, айлық табысын күнкөріске жеткізе алмай жүргендерін айтып берді.

"Мен қайыршының жұмыс іздегеніме бір ай болды. Дұрыс жұмыс жоқ. Барлық жерде айлық 120 000 мен 200 000 теңгеден аспайды. 250 000 теңгелік айлық алу үшін 10 сағат құл болып жұмыс істеуің керек. Оған 4 сағат жолды қоссаң, үйдегі балаға кім қарайды? Осы уақытқа дейін құл болып жұмыс істеп келдім, бір емес 3 жұмыс қатарынан істейтінмін. Жетіспеушілік шаршатты. Қуықтай бөлмені жалдағанымыз үшін 170 000 теңге алады. Тамақ қымбат. Неге желіде осы жайлы ешкім айтпайды? Әлде барлығының жағдайы жақсы, мен ғана сорлымын ба?" – деп шағымданды Threads қолданушысы.

Колледжде мұғалім болып жұмыс істейтін алматылық тұрғын да әр студентпен сабақ өткені үшін 2200 теңге алатынын айтып отыр. Табысым әлеуметтік шығындарға ғана жетеді дейді ол.

"Кейінгі 2 жыл 1,5 ставкамен 250 000 теңге аламын. Жалақым аз, бір сағатқа 2200 теңге, ал ақылы бөлімде оқитын студент болса 600 теңге деп есептейді. Бір жағынан колледж, орта оқу орны болған соң аз болады. Сонымен қатар магистратура дипломына да төленбейді. Барлық мемлекеттік колледждерде сондай. Бізде мектептен де аз төленеді. Жалақы аз деп есептеймін, себебі біздің квалификацияның талабына сай емес. Жалпы мектеп емес, ерекше мамандандырылған мамандық үшін аз. Айлық ең негізгі әлеуметтік шығындарға ғана жетеді. Оның үстіне айлықты кешіктіреді", – дейді ол.

Тағы бір тұрғын елдегі 10 жыл оқыған дәрігерлердің жалақысы 250 000 теңгеге жетпейтінін, тіпті жұмыста жүріп тамақ ішіп үлгермейтінін жеткізді.

"Қыдыру, ресторанға бару, ел араламақ түгілі, қазір мынандай бағалармен үйде тамақ жеудің өзі “той” болып тұр ғой! Жолдасым балалар хирургі, әр барған сменасында бар болғаны 5 хирург шығады. Шыққан сменасында бала саны 200-ге жетіп тұр Кейде "Жұмыста тамақ іше алмадым, уақыт болмады" деп келеді. Тамыз айында 176 сағат шықты соған 241 000 теңге түсті. Сонда сағаты 1369 теңге болып тұр. 10 жыл оқып, 241 000 алу деген масқара ғой", – деп дәрігерлердің де жалақысын қоса кетті тағы бір қолданушы.

"Нені дұрыс істемей жатырмын?"

Кейбірі өзгелерден 500-800 мың теңге жалақыны қайдан аласыңдар деп кеңес сұрады.

"Қыздар, 500-800 мың жалақы алатын жұмыстарды қайдан табасыздар? Мен өліп жұмыс істеп, бар болғаны 180 мың аламын. Нені дұрыс істемей жатырмын? Өзім ізденіс үстіндемін, бәріне үлгеруге тырысамын, бірақ ешқандай өзгеріс жоқ", – деп күйінді тағы бір қазақстандық.

Жалақының аз болуы жастарды жұмыс істеуге ұмтылдырмайды дейді енді бірі. Мысалы, қазір Жастар практикасы деген бағдарламамен жұмысқа орналасса, оның жалақы – 110 мың теңге.

"Жұмыс бар, бірақ жастар жоқ… Елімізде 800 мың бос жұмыс орны бар. Алайда 1 миллионға жуық жас жұмыссыз жүр. Негізгі себеп – еңбекақының аздығы. Жастар практикасы бойынша жалақы қазір – 110 мың теңге. Қымбат заманда бұл қаржы жастарды қызықтырмайды. Келісесіз бе?", – дейді желі қолданушысы.

2025 жылғы ІІ тоқсандағы орташа жалақы 448 620 теңге болды

Ұлттық статистика бюросының мамыр айындағы дерегінше, Қазақстан бойынша 2025 жылғы ІІ тоқсандағы шағын кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда, атаулы орташа жалақы 448 620 теңге болды.

2024 жылдың сәйкес тоқсанымен салыстырғанда ең жоғары орташа айлық жалақы өсімі мына салаларда: ақпарат және байланыс (24%), ауыл, орман және балық шаруашылығы (23,7%), электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және кондицияланған ауамен жабдықтау (16,9%), көтерме және бөлшек сауда; автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу (16,1%) тіркелді. Денсаулық сақтау және білім беру салаларында орташа айлық жалақы 7,8% өсті.

Аймақтық тұрғыда 2025 жылдың екінші тоқсанында орташа атаулы айлық жалақының ең жоғары өсімі Жетісу облысында (18,4%), Астанада (15,4%), Алматыда (15,3%), Алматы облысында (14,6%) және Қарағанды облысында (14%) болды.

Кейінгі жылдардағы орташа жалақы көлемі. Деректер II тоқсан бойынша көрсетілген.

  • 2025 жылы 448 620 теңге
  • 2024 жылы 403 251 теңге
  • 2023 жылы 365 502 теңге
  • 2022 жылы 312 011 теңге
  • 2021 жылы 251 545 теңге
  • 2020 жылы 212 035 теңге

Ал 2025 жылғы белгіленген күнкөріс минимумы 46 228 тенге. Бұл сома 2024 жылы 43 407 теңге, ал 2023 жылы 40 567 теңге болған.

Дегенмен қазақстандықтар жалпы статистикамен келіспейді. Олар орташа жалақыдан да төмен алатындарын айтып отыр.

"Тамыздағы дерек бойынша, орташа жалақы 448 620 теңге екен. Ал менің жалақым 300 мың теңге. Мен осындай статистикаға сенбеймін, олар халықтан, менен "айлығың қанша?" деп сұрады ма? Жалақымызды бір айға әрең жеткіземіз, келесі айға қарызданып әрең жетеміз. Азық-түлік, тамақ, бәрі қымбат. Енді келесі жылдан бастап қосылған құн салығын 16%-ға өсіреді, сонда ол кезде азық-түлік қанша теңге болады? Ал жалақымыз ше? Оны қалай көтереміз, қалай жеткіземіз?", – деді статистикамен келіспеген тұрғын.

Сонымен қатар Ұлттық экономика министрлігі 2026-2028 жылдарға арналған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарын мақұлдады. Құжатқа сенсек, үш жылдан кейін қазақстандықтардың табысы айтарлықтай өседі. Министрліктің ресми болжамына сәйкес, Қазақстандағы орташа жалақы мынадай болады:

2025 жылы – 423 133 теңге;
2026 жылы – 500 890 теңге;
2027 жылы – 554 154 теңге;
2028 жылы – 604 963 теңге.

"Сол үшін азаматтар шетел асып жұмыс істегенді құп көреді"

Ал экономист Мақсат Халық Қазақстанда төмен жалақы деген үлкен проблема екенін айтып отыр.

"Аз жалақы деген – Қазақстанда шынымен де үлкен проблема және анық бар мәселе. Бізде жалақы төмен, әлемдік деңгеймен салыстырсақ, мүлдем төмен деуге болады. Сондықтан да шығар, біздің көп азаматтарымыз еңбек миграциясымен Америкаға, Еуропаға, Оңтүстік Кореяға барып мүмкіндігінше жұмыс істеп жатыр. Өйткені ол жақта ең аз деген жалақы біздің жоғары немесе орташа жоғары жалақымен тең. Осы тұрғыдан көп азамат виза жасатып, шетел асып, сол жақта жұмыс істеп, жалақы алғанды құп көреді. Сол азаматтар бізде 15-20 жылдай жұмыс істеп, бір пәтер алып жатса, шетелде бұл қаржыны 2-3 жылда-ақ табады. Әрине, екеуін салыстырғанда таңдау шетелге түседі. Оқыған, дипломы, тәжірибесі, жоғары білімі бар азаматтар да қара жұмыс істеп жатады. Өкінішке қарай, мұның бәрі біздегі төмен жалақының көрінісі", – дейді экономист.

Жалақының аз болуы қандай проблема тудырады?

Экономист аз жалақы халықтың әл-ауқатына қалай әсер ететінін түсіндіріп берді. Оның сөзінше, жалақы сәйкес өспесе, несие алу мен кедейлік арта береді.

"Ең біріншіден, халықтың төлем қабілеті нашарлайды, өмір сапасы нашарлайды және кедейлікті өршітеді. Осы жағдай кейінгі жылдары елімізде анық байқалады. Азаматтардың көбі несиемен өмір сүреді. Несиені екі жағдайда алады, біріншісі несиені жоғары пайызбен қаржы сауаты жоқ болғанынан алады, екіншісі қажет болып, мәжбүрліктен алады. Әрине, көбіне екінші фактор роль ойнап отыр. Адамдар жалақысын жеткізе алмай отыр. Тіпті тамақтың өзін кредитке алып отырғандар бар. Той үшін, бөліп төлеуге алғандар бар, кейін содан шыға алмай несиені тағы бір несие алып жауып отырғандар да жетеді. Мұның бәрі қоғамның ашынуына, үлкен әлеуметтік шиеленістерге алып келеді. Бұл жақсы үдеріс емес. Өйткені Ұлттық банктің өзі кейінгі 3 жылда халықтың тұтынушылық несиесі белгіленген нормадан асып кеткенін айтып, дабыл қағып отыр. Бұның бәрі ешқандай да жақсылыққа алып келмейді. Халықтың төлем қабілеті нашарлады деген кәсіпкерлер де өзінің потенциалды тұтынушыларын жоғалтады деген сөз. Табысы азайған соң олардың мемлекетке төлейтін салығы да аз болады және экономикалық өсімге айтарлықтай үлес қоса алмайды. Мұндайда кәсіпкерлер қызметкерлерін азайтады, бұдан жұмыссыздық көбейеді", – деп түсіндірді тәуелсіз сарапшы.

Ресми статистиканың несі дұрыс емес?

Экономистің сөзінше, орташа жалақы туралы статистика биліктегілер үшін керек, бірақ ол халыққа қарата айтылмауы қажет. Сонымен қатар ол орташа жалақы сомасын мысалға келтіріп, "жалақы артып жатыр, дамып жатырмыз" деп түсіндіретін шенділерді де сынады.

"Біздегі орташа жалақы статистикасы шынайы емес. Көбіне шенділер бұл статистиканы "еліміз дамып жатыр, көркейіп келе жатыр, міне жалақы 400 мыңнан асып, 500-мыңға жетіп қалды" деп мысалға келтіреді. Тыңдап отырған халық бұған күліп қарайды, өйткені азаматтар шынында мұндай жалақы алмайды. Бұл статистиканың ешқандай мағынасы жоқ және ол халыққа қарата айтылмауы керек. Бұл – шенділердің өздері, аналитикасы үшін қажет сандар. Олар қай өңірде орташа жалақы төмен, сол өңірдің жалпы табысы төмен екен деп, осы сандарды өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын реттеуге қолдануы керек. Себебі мұндай статистикалар сол өңірде әлеуметтік шиеленіс болуы мүмкін дегенді білдіреді. Біздегі орташа жалақы туралы статистика ешқандай да дамудың, халық жағдайының жоғарылауының көрсеткіші емес.
Халықаралық деңгейде орташа жалақының мәніне жақынырақ келтіретін модальды және медианалық жалақы деген ұғымдар бар. Модальды түрі азаматтар көп жалақыны қандай деңгейде алады дегенді көрсетеді, ал медианалық жалақы диапазонмен алынады да, халықтың 70% бөлігі шамамен мына көлемде жалақы алады деп белгілейді. Бұл көрсеткіштер орташа жалақының статистикасына қарағанда шындыққа жақын. Сондықтан көбіне осы жалақыға назар аударған дұрыс", – деп түсіндірді экономист.

"Ең төменгі жалақы орташа жалақының үштен біріне тең болуы керек"

Мақсат Халықтың сөзінше, мемлекет басшысы сол 42 500 теңге бар кездің өзінде 50 мың теңге деңгейінде табыс табатын азаматтар 1,5 миллион деген еді. Ал қазір ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге өсті және осы қаржы төңірегінде табыс табатындардың саны әлі 1,5 миллион деуге болады.

"Біздегі 20 миллион халықтың бәрін жұмыс істейді деп есептей алмаймыз, себебі 10 миллионы балалар мен қарттар. Ал қалған 10 миллионы еңбекке жарамды халық, бірақ осының ішінен де біз табыс табатын халықты алып қараймыз. Оның ішінде статистика бойынша, 500 мыңнан астам адам жұмыссыз. Сонда 9,5 млн халықтың 1,5 миллионы ең төменгі жалақыны алады. Үкіметтің келтірген мәліметтеріндегі деректер осындай. Орташа жалақы 600 000 теңгеге жетеді деп жатыр, болсын. Оның бір жақсы жағы бар, ол ең төменгі жалақыны бекітуде роль ойнайды. Әлемдік тенденцияда ең төменгі жалақы орташа жалақының үштен бірінен кем болмауы керек деген нақты ереже бар. Орташа жалақы 600-ге жетсе, онда ең төменгі жалақы 200 мың теңге болуы керек деген сөз. Қазіргі орташа жалақының деңгейімен есептесек, ең төменгі айлық 150 мың теңге болуы керек еді. Ал бізде кейінгі жылдары 85 мың теңге әлі өзгерген жоқ, келесі жылы да өзгертпейміз деп отыр", – дейді ол.

Егер қызметкер 85 мың теңгеден аз жалақы алса, не істеу керек?

Қазақстанның Еңбек кодексінің 103-бабына сәйкес, жалақының мөлшері ең төменгі жалақыдан аз болмауға тиіс. Қазір еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері – 85 000 теңге.

Заңгер Ермек Тілеукеевтің сөзінше, егер адам 85 мың теңгеден аз жалақы алса, ол:
• Мемлекеттік еңбек инспекциясына шағымдана алады;
• Прокуратураға арыздана алады;
• Сотқа еңбекақыны өндіріп алу туралы талап қоя алады.

Адам төмен жалақыға жұмыс істеп жүрсе, оны заң тұрғысынан қалай көбейте алады?

Қазақстанда жалақы еңбек шарты негізінде белгіленеді. Заңгердің бізге берген жауабына сай, егер жалақы заңмен бекітілген ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) кем болмаса, оны тек жұмыс берушімен келіссөз, ұжымдық шарт, кәсіподақ арқылы көтеруге болады.

"Жалақыны көбейтудің заңды жолдарының бірі – ұжымдық келіссөз. Егер кәсіпорында кәсіподақ болса, соған жүгінуге болады. Екінші жолы – жеке келісім. Қызметкер жұмыс берушімен қайта келісіп, жалақысын көтеруді талап ете алады. Ал егер еңбек дауы туса, еңбек инспекциясына шағымдана алады. Жалақыны көтерудің үшінші бір жолы – сотқа жүгіну. Егер заң бұзылса, мысалы, ең төменгі жалақыдан аз төлесе, сотқа жүгінуге болады", – деп кеңес берді заңгер Ермек Тілеукеев.

Жұмыс уақытынан тыс істеген еңбекке қалай ақы алынады?

Қазақстанның Еңбек кодексіне сай, қосымша жұмыс міндетті түрде жазбаша келісіммен бекітіліп, оған 1,5-2 есе мөлшерде ақы төленуге тиіс. Заңгердің айтуынша, егер жұмыс беруші артық сағатқа төлемесе: жұмысшы жазбаша талап етуге құқылы.

"Ол жарамаса, Еңбек инспекциясына (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жергілікті бөлімшесі) шағым түсіре алады. Соңғы шара ретінде сот арқылы еңбекақыны өндіріп алуға болады", – деп пікір білдірді заңгер.

2026 жылы ең төменгі жалақы қандай болады?

Еске салайық, Еңбек министрі Светлана Жақыпова бұған дейін 2026 жылы ең төменгі жалақы 90 мың теңге болады деген еді. Үкімет қазіргі жағдайда оны көтеру мүмкін емес екенін айтты. Сондықтан республикалық бюджетке сай, 2026 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңге болып қала береді. Тек 2029 жылы көтерілуі мүмкін.

Одан бөлек жақында вице-пермьер Жұманғарин қазіргі ең төменгі жалақы – 85 мың теңгеге күн көре алмайтынын мойындаған еді.

"Ең төменгі жалақы – есептік көрсеткіш. Мұны айқын түсінулеріңіз керек, яғни одан төмен жалақы төленбеуі керек. Бұл дегеніміз – біреу ең төменгі жалақы төлеуі керек деген сөз емес", – деді ол.

Алайда Жұманғарин "Ең төменгі жалақы мөлшері әділ белгіленген бе?" деген сұраққа жауап бере алмады.

Еңлік Сақтан
Сәрсенбі, 08 Қазан, 2025 20:11
Талқылау