"8-9-ы бар": Депутат Бақытжан Базарбек халықпен кездесу үшін несие алатынын айтты
Фото: t.me/mazhilis_kz
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек журналистерге тауарларды, тіпті ұшақ билеттерін бөліп төлеу арқылы алатынын, жалақысын күтуге мәжбүр екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжіліс кулуарында журналист депутаттан бөліп төлеу арқылы қанша тауар алғанын сұрады.
"Мен, мысалы, тіпті ұшақ билеттерін де бөліп төлеп аламын. Қазір шамамен 8–9 түрлі бөліп төлейтін несием бар. Өйткені мен Алматыдағы халықпен байланыс орнатып, жиі барып тұруым керек. Сондықтан кейде жалақы күтеміз. Мен кәсіпкер емеспін, қарапайым заңгермін. Бұрынғы заңгерлік тәжірибемді толық тоқтаттым, енді тек депутаттық жалақыға қарап отырмыз", — деді Базарбек.
Оның айтуынша, кейде өңір тұрғындарымен кездесулер өткізу үшін жеке қаражатын жұмсауына тура келеді.
"Кейде жалақы кешігіп қалады. Бірақ халықпен кездесу керек. Мысалы, жұма күні кешке ұшып барып, сенбі күні тұрғындармен кездесемін. Бір жерде тұрғын үй кешендерінің адамдары хабарласып, кездесуге шақырады. Сондай жағдайда өз есебімнен баруға тура келеді", — деп түсіндірді депутат.
Еске салайық, бұған дейін Бақытжан Базарбек журналистерге депутат ретінде өз міндетін айына 20 миллион теңге жалақыға лайық деңгейде орындап жүрмін деп айтқан болатын.
Айта кетсек, Ұлттық экономика министрлігі 2026–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын бекіткен. Құжатқа сәйкес, Қазақстанда орташа айлық жалақы 2028 жылға қарай 604 963 теңгеге дейін өсуі тиіс.

Дженнифер Лопестен Real Madrid-ке дейін: Әлемдік жұлдыздардың келуі Қазақстанға қандай пайда әкелді
