Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жағымсыз иіс пен қауіпті газдар тараған: "Алматы Су" мекемесіне миллиондаған теңге айыппұл салынды

Фото: Yandex Maps

Іле ауданының прокуратурасы “Алматы Су” кәсіпорнының қызметін тексеріп, экологиялық заңбұзушылықтарды анықтады. Тексеруге тұрғындардың Сорбұлақ су айдынына апаратын кәріз арналарынан сезілетін жағымсыз иіс туралы шағымдары себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Прокуратура мен экологтардың бірлесіп жүргізген тексеруі барысында кәсіпорынның экологиялық заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды.

“Атап айтқанда, алынған 48 сынаманың 21-інде метан, күкіртсутек және меркаптан заттарының шекті мөлшерінің концентрацияларынан асып кеткені тіркелді” – делінген прокуратура хабарламасында. 

Прокуратураның мәліметінше, жақын маңдағы ауылдық округтердің 400-ден астам тұрғыны тыныс алу органдарының әртүрлі аурулары бойынша медициналық есепте тұрғаны белгілі болды.


"Тыныс алу мүмкін емес": Шымкент тұрғындары ауа сапасының нашарлағанын айтып, дабыл қақты


Тексеріс нәтижесінде экология департаменті "Алматы Су" мекемесін әкімшілік жауапкершілікке тартып, 14 миллион теңге көлемінде айыппұл салды.

Сондай-ақ кәсіпорынға экологиялық заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген. Қазір анықталған бұзушылықтарды жою бойынша тиісті шаралар қабылдануда.

Прокуратура берілген нұсқамалардың орындалуына және экологиялық талаптардың сақталуын бақылайтынын атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін алматылықтардың жағымсыз түтін иісіне жаппай шағымынан кейін экологтар ауа сапасын тексерген еді.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 15 Қаңтар, 2026 21:30