Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жағдай қиын": СҚО-да аудан орталығында тұратын 10 мыңға жуық адам шіліңгір ыстықта сусыз қалды

Кадр видео: instagram/vesti_sko

Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданына қарасты Саумалкөл ауылында ауызсуға қол жеткізу мәселесі күрделі күйге жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі vesti_sko-ға сілтеме жасап хабарлайды. 

Шіліңгір шілдеде Саумалкөл ауылының тұрғындары ауызсусыз қалды. Аудан орталығы саналатын елдімекенде шамамен 10 мың адам тұрады. Қазіргі жағдайға байланысты балабақшалар санитарлық-гигиеналық талаптардың орындалмауына байланысты уақытша жұмысын тоқтатты.

БАҚ мәліметінше, ауызсу беру мамыр айының соңында тоқтаған. Бұған қазір жабылып кеткен "Саумалкөл жылу" мекемесінің қарызы негізгі себеп ретінде аталған.

Алайда қалыптасқан ахуалдың маңыздылығына қарамастан, жергілікті билік орындары ресми түсініктеме бермей отыр. Су қашан қайта қосылатыны туралы нақты ақпараттың болмауы тұрғындар арасында алаңдаушылық пен наразылық тудырып, отбасыларға қажетті су қорын жинау мен қауіпсіздік шараларын қабылдауды қиындатып отыр.

Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдері ауызсудың жоқтығы жұқпалы аурулардың таралуына себеп болуы мүмкін деген алаңдаушылық білдіріп жатыр. Осыған байланысты тұрғындарға қатаң гигиеналық талаптарды сақтау, ауызсу мен тамақ дайындауға тек сенімді, тексерілген су көздерін ғана пайдалану ұсынылады.

Айнұр Мұхади
Жексенбі, 15 Маусым, 2025 13:17
Талқылау