Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жақындары қатаң жазаламауды сұрайды: Түркістан облысында туысқан ағасы жеті жасар баланы атып өлтірген

Түркістан облысында жүзім алқабында жүрген жеті жасар бала көз жұмды.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

2-сынып оқитын Даврон Каюмов жер қойнына тапсырылды. Бала жүзім алқабында ойнап жүргенде, жалдамалы жұмысшы оны құс деп ойлап, атып өлтірген. Байқамай атып алған адам – өзінің туысқан ағасы.

Қайғылы оқиға 8 шілде күні Қазығұрт ауданында болған. Жеткіншек жүзім алқабына әкесіне еріп барған. Әкесі бұл жерге алты күн бұрын жалдамалы жұмысшы ретінде орналасыпты.

“Әкесі "Амангелді" шаруа қожалығында жалдамалы жұмысшы болып жұмыс істейді. Жүзімді құстардан қорғайды. Бала еріп барған кезде онда әкесінің нағашысы Шакир бірге болған. Ол да баласын ертіп барған. Құсты атып жатқан кезде бала орыннан бірден тұрып қалған”, – деді Ақжар ауылындағы № 28 жалпы орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі меңгеруші Ғалымжан Нованов.

Әкесінің көз алдында басына оқ тиіп қайтыс болған Давран Сарыағаш ауданындағы Ақжарда жер қойнына тапсырылды. Ол төрт қыздың ішіндегі жалғыз ұл екен. 

Жақындары жеті жасар Давранды абайсыз жазым еткен туыстарын жазаламауды сұрайды. 

"Күдікті – Сарыағаш ауданының тұрғыны. Ол полиция бөліміне жеткізілді. Аталған фактіге байланысты ҚК "Абайсызда қазаға ұшырату" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл баптың санкциясы үш жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан шектеу немесе сол мерзімде бас бостандығынан айыру түрінде жазаны қарастырады", – деп мәлімдеді Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнәр Абдужаппарова.

Мылтық кімдікі екені әлі белгісіз. Полицейлердің айтуынша, қару тіркелген. Жүзім алқабының иесі де тергеуде жауап беруде. Себебі алқапқа оқушылардың кіруіне рұқсат болған-болмағаны беймәлім.

Шенеуніктер құстарды атудың өзі де заңсыз екенін айтты.

Талқылау