"Жәбірленуші екеу": Алматы облысында Хасан Қасымбаевтың ісіне қатысты сот отырысы басталды
Фото: Видеодан скрин
20 тамызда Талғар аудандық сотында төрт жыл бұрын спортшыны ұрлап, соққыға жықты деп айыпталып отырған Хасан Қасымбаевтың қылмыстық ісін қарау басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Хасан Қасымбаевтың есімі бүкіл елге 2024 жылғы 4 қазанға қараған түні Талғардағы "Камажай" дүкенінің жанында болған даулы оқиғадан кейін белгілі болды.
Қақтығыс 16 жастағы Шерзат Полаттың қазасына ұласқан еді. Қоғамда қылмысқа кінәлілер Қасымбаевтың адамдары деген әңгіме тарады. Оған қоса, ол "Хуторские" атты қылмыстық топтың басшысы болуы мүмкін деген де сөз болды. Жергілікті тұрғындар топтың ауданға қорқыныш ұялатып келгенін, соққыға жығу мен қоқан-лоқы көрсету деректері болғанын айтады. Алайда Ішкі істер министрлігі мұндай топтың бар екенін жоққа шығарған. Соған қарамастан, Қасымбаев қамауға алынған.
Сотқа дейінгі тергеу барысы жария етілмеді.
Сот процесіне қоғам назар аударып отыр. Залға көп адам жиналып, жәбірленушілер мен айыпталушылардың туыстары қатысып жатыр. Төтенше жағдай қызметі кезекшілік атқарып жатыр.
Іс қазақ тілінде, судья Айнагүл Тұқубаеваның төрағалығымен ашық режимде қаралып жатыр.
Тыңдаулар басталар алдында қорғаушы тарап мемлекеттік айыптаушы Назгүл Тәуекенбайға қарсылық білдірді. Себебі ол бұған дейін ММА спортшысы Арман Әлімұлына жасалған шабуыл ісі бойынша процеске қатысқан еді. Судья өтінішті қанағаттандырды.
Істің басты күдіктісі Хасан Қасымбаевқа ҚК-нің үш бабы бойынша айып тағылған. адам ұрлау, қасақана ауыр дене жарақатын салу және қорқытып ақша бопсалау. Айыпталушы 1984 жылы туған, Алматы облысы Кеген ауданы Қарқаралы ауылында дүниеге келген. Үйленген, үш баланың әкесі. Жоғары білімі бар. Бұған дейін сотталмаған. 2024 жылдың қарашасынан бастап қамауда отыр.
Онымен бірге айыпталушылар орындығында:
Руслан Алиев — 1999 жылы туған, бұрын сотталмаған, 2021 жылдың желтоқсанынан бері қамауда;
Мәдиар Қалимжанов — 1994 жылы туған, бұрын шартты жаза алған, 2021 жылдың шілдесінен бері қамауда;
Сайлау Ақжанов — 1994 жылы туған, бұрын сотталған, 2021 жылдың қарашасынан бері қамауда;
Нұрмұхаммет Сұлтанбеков — 1990 жылы туған, бұрын сотталмаған, 2023 жылдың қаңтарынан бері қамауда;
Данияр Аскаров — 1994 жылы туған, бұрынғы СОБР қызметкері, сотталмаған, 2023 жылдың мамырынан бері қамауда.
2024 жылдың сәуірінде Алматы облыстық полиция департаменті істің тергеуі аяқталғанын хабарлаған болатын.
Айта кетейік, Хасан Қасымбаевқа бірден үш бап, яғни адам ұрлау, қасақана ауыр дене жарақатын салу, қорқытып алу бойынша айып тағылды. Ол 2024 жылғы 2 қарашада ұсталған. Хасанның қасында тағы бес адам сот алдында жауап беріп жатыр. Жәбірленушілер екеу, бірақ олардың жеке деректері әзірге жарияланбады.
Шерзат Полаттың өлімі бойынша сот үкімі өзгеріссіз қалды
Шерзат Полат ісі бойынша екі куәгер не себепті әлі жауапқа тартылмаған: Прокуратура түсіндірді
Еске салайық, бұған дейін "Хутор" бандасының басшысы деп аталған Хасан Қасымбаевтың ісі прокуратураға түскенін жаздық. Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмған еді. Бұл қоғамда үлкен резонанс тудырды. Алматы облысы прокурорының орынбасары мен Талғар ауданының прокуроры лауазымынан босатылған еді. Шерзаттың ата-анасы әкімдік пен аудандағы құзырлы орган басшыларының қызметінен кетуін талап етті.
Осыдан соң Хутордың өкілі делінген Хасанның ағасы, Талғар ауданының әкім аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев қызметінен кетті. Кейіннен "Хутор" бандасының жетекшісі деген Хасан Қасымбаев ұсталғаны туралы хабарлаған едік. Кейін оның ережесіз жекпе-жек спортшысын аяусыз ұрып жатқан видеосы тарап, не үшін ұсталғаны белгілі болды. Сонымен қатар Хасан Қасымбаевтың анасы ұлының жазықсыз екенін айтып, президенттен көмек сұрады.

Екі қыз анасыз қалды: Атырауда ер адам әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінді
