Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жүрсін Ерман Мұхтар Шахановтың ұстанымын сынға алды

Белгілі қоғам қайраткері, ақын Жүрсін Ерман айтыста, қоғамда болып жатқан мәселелерге байланысты пікірін білдірді. Ақын өзіне күнделікті сын көзбен қарайтынын айтады.

02310

Сурет: www.qazaquni.kz 

Бұл туралы Алматы арнасы хабарлайды.

«Өзіме күн сайын сын көзбен қараймын. Не тындырдым? Не тындыра аламын? Еңбегің еш, тұзың сор көп жылдар зая кетіп қалған. Бірақ қазақ руханиятына қарлығаштың қанатымен су сепкендей төл өнері айтысты қатарға қосқаныма кейде риза боласың, кейде қаңқу сөздер естілгенде өзіңнен өзің налып, безіп кеткің келеді. Сол екі ортада, аспан асты жер үстінде қапылып жүрген адаммын», – дейді Жүрсін Ерман.

Жүрсін Ерман ақын Мұхтар Шахановтың да кей пікірін қолдамай сынға алатынын білдірді.

«Мұхтар Шахановты да сынға аламын. Өйткені ағамыз соңғы екі-үш жылда қалам ұстағандарды жазғанына қарап емес, әрекетіне қарап бағалаймын деген ұстанымын айтты. Ол Абайдан гөрі Махамбетті жоғары қоямын дейді. Осындай көзқарас бола ма? Махамбет басынан айырылып қалды дейді. Сонда Абай басынан айырылмағаны үшін кінәлі ме? Абай біздің ең ақырғы қасиетіміз, жұлдызымыз. Абайды салыстырмай-ақ, осы өзіміздің төңірегіміздегі өз шаруамызды түгендей білсек жарайды ғой», – деп налиды ақын.

Жүрсін Ерман соңғы уақытта шығып жатқан шоу-айтысты да тілге тиек етті.

«Жұлдыздар айтысады» айтысы алғаш қолға алынғанда оған қарсы болғандар қазір үндемейді. Мұның соншалықты айтысты қорлайтындай жексұрын нәрсе еместігіне көздері жетті деп ойлаймын», – дейді ол.

Ақын желі қолданушылар арасында, ел арасындағы өзі жайлы қарсы  пікірлер айтылатынынан  хабардар екенін жеткізді.

«Жүрсін Ерманның өзі де салафиттер сапында деген әңгіме бұрын да болған. Менің шешемнің әкесі молда болған адам, әкем бес уақыт намазын үзбеген адам. Мен осы салафизмнің не екенінен де хабарым жоқ екен. Маңдайымды сәждеге тигізіп ертелі-кеш намаз оқып жатпасам да, тілімді кәлимаға келтіріп, иманымды түгендеуге тырысып жүрген көп қазақтың бірімін. Сондықтан мені әр топқа бір қосып, қолдан «герой» жасаудың керегі жоқ», -дейді Ерман.

Қоғам қайраткері Жер коммисиясының да жұмысын да айтып өтті. Ол комиссия жұмысының нәтижесінде әділ шешім болатынын айтады.

«Жер комиссияның жұмысы енді басталып жатыр. Бәрімізге пікір айтуға еркіндік берілді. Комиссияны басқарып отырған бірінші премьер дұрыс адам екен. Жұрттың бәрін аузын жаппай, бетінен қақпай сөйлетіп жатыр. Сондықтан қазаққа ортақ әділ шешім болады деп кәміл сеніп отырмын», – дейді Жүрсін Ерман.

Оқи отырыңыз:

Жүрсін Ерман: Аяғымызды аңдап басып, қазақтың жерiнiң бiр пұшпағын да сатуға болмайды

Жүрсін Ерман: Айтысқа билік тарапынан шектеу жиі қойылатын болып кетті

Мұхтар Шаханов Жер кодексін қайта қарайтын комиссияның мүшесі болды

Талқылау