Зейнетақы қорының басшысы тергеу біткенше түрмеден шығарылмайтын болды
Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорының төрағасы тергеу біткенше темір торда отыратын болды. Қор қаржысын талан-таражға салды деп айыпталған Руслан Ерденаевтың үй қамаққа ауыстыру туралы өтінішін Алматы қалалық соты бүгін кері қайтарды, деп хабарлайды КТК.
Төрағамен қоса тағы үш адамның қолына кісен салынған. Олар – қордың басқарма басшысы Мұса Бахтов, «Бузгул Аурум» мен «АлатауМұнайАлтын» компанияларының басшылары Азат Найзагарин мен Бақытжан Кенжебеков. Барлығы бақандай 5 миллиард теңгені өзара бөлісіп алды деп тергеліп жатыр.
Зейнетақы қоры басшыларының тұтқындалғаны күні бүгінге дейін құпия сақталып келген. Сөйтсе, басқа емес төрағаның өзі Жаңа жылға төрт күн қалғанда абақтыдан бір-ақ шығыпты. Артынша қордағы қаржылық мәселелерге жауапты басқарма бастығы мен алтынмен айналысатын қос бірдей фирма басшыларының қолына кісен салынған. Бірінен соң бірі тұтқындалған бұл төртеуі де қорға тиесілі бақандай 5 миллиард теңгені талан-тараж салды деп айыпталуда.
“Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорының төрағасы Руслан Ерденаев, қордың басқарма бастығы Мұса Бахтов, «Бузгул Аурум» серіктестігінің директоры Азат Найзагарин мен «АлатауМұнайАлтын» компаниясының бастығы Бақытжан Кенжебеков Қылмыстық кодекстің 189 бабы бойынша айыпталуда. Яғни, Ерденаев пен оның сыбайластары аса ірі көлемде қаржыны талан-таражға салды деген күдік келтіріп отыр”, – деді Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Диас Махамбетов.
Яғни, Бірыңғай зейнетақы жинақтау қоры бұл қыруар қаржыға «Бузгул Аурум» мен «АлатауМұнайАлтын» компанияларының құнды қағаздарын сатып алған. Бірақ қаржы биржаға салынғанымен, кейін талан-таражға түскені белгілі болды. 5 миллиардтың қазір бар-жоғы белгісіз. Есесіне, Жаңа жылды тергеу абақтысында қарсы алған төртеу бүгін соттан өздерін үй қамаққа алуды сұраныпты. Алайда, сот адвокаттарының өтінішін қарамастан кері қайтарып тастады. Ал екі бірдей басшысы тұтқындалған зейнетақы қорыны әдеттегідей жұмыстарын жалғастыруда. Жаңа басшылары талан-таражға түскен 5 миллиард халықтың жинағы емес, қордың өз ақшасы дегенді тағы қайталады.
“Ол қаржы зейнетақы қорының жеке ақшасы. Салымшылардың жиған-тергенінен қатысы жоқ. Салымшылар бізге сенсе болады. Олардың қаржысы сенімді сақталуда”, – дейді Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорының баспасөз хатшысы Марина Ақмаева.
Айтуларынша, қорда бүгінде 6 636 948 308 теңге басы бүтін тұр екен. Бұл 9 626 385 адамның бейнетінің зейнеті. Қызығы сол, осы іске қатысы бар «Бузгул Аурум» мен «АлатауМұнайАлтын» компанияларының кеңсесі бір жерде екен. Қаланың орталығында орналасқан төрт қабатты мекемеде қазір қыбырлаған тірі жан жоқ. Ал есіктерінде құлып салынған.
Руслан Ерденаев кезінде осы қаржыны бес пайызға дейін өсіремін деп мақтанған. 40 жастағы шенді елдегі белді экономистердің бірі болған. Ұлттық Банкте де қызмет атқарды. Ал тергеудің әлі қанша уақытқа жалғасары белгісіз. Анығы сол – атышулы іске қатысты төрт басшы да іс біткенше тергеу абақтысында отырмақ.
Оқи отырыңыз:
Шымкентте мектеп бапкері балалармен бірге порноға түсіп келген
Петропавлда ауру балалардың арқасында табыс тапқан алаяқ ұсталды
“Хан-Шатырға” келушілер жартылай жалаңаш қыздарды көріп шошыды (фото)
Қазақстандық «Барби» қыздың жалаңаш суреттері желіде дау туғызды (фото, видео)