Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зейнетақы жинағын тіс емдеуге пайдалануға тыйым салынғаннан кейін қазақстандықтар жаппай көздерін тексертуге кіріскен

Зейнетақы жинағын тіс емдеуге пайдалануға тыйым салынғаннан кейін қазақстандықтар жаппай көздерін тексертуге кіріскен
Фото: depositphotos.com

Зейнетақы жинағын тіс емдеуге пайдалануға тыйым салынғаннан кейін қазақстандықтар жаппай көздерін тексертуге кіріскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, қыркүйекте азаматтар офтальмологиялық қызметтер үшін біржолғы зейнетақы төлемін алу туралы өтінімдерді бірнеше есе көбейткен.

"Қыркүйек айында офтальмологиялық қызметтерге төлем жасауға 1,4 миллиард теңге көлемінде 1611 өтінім мақұлданды. Тамызбен салыстырғанда бұл көрсеткіш тиісінше 5,8 және 7 есе артқан, – делінген хабарламада.

Өткен жылдың орташа айлық деректерімен салыстырғанда өсім 7,9 және 9,3 есеге жеткен.


Бақытжан Базарбек: Зейнетақы қаражатын тіс емдеуге пайдалануға тыйым салу — азаматтардың құқықтарын шектеу


Сонымен бірге стоматология бағыты бойынша БЖЗҚ-ға қаражаттың қайтарылуы күрт көбейген.

"Атап айтқанда, тіс емдеуге арналған 27,3 мың өтінім бойынша 21,8 миллиард теңге қайтарылған. Салыстырмалы түрде: тамызда 6,3 мың өтінімге 3,7 миллиард теңге қайтарылған. Бұл ретте қайтарымдар мен өтінімдер санының жоғары деңгейі соңғы бірнеше ай бойы сақталып келеді", – делінген мәліметте.

Айта кетейік, бұған дейін Отбасы банкі 15 қыркүйектен бастап зейнетақы жинақтарының артығын стоматологиялық емге пайдалану бойынша өтінімдерді қабылдауды тоқтататыны хабарланды. Сонымен қатар, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жалған стоматологиялық қызмет көрсету арқылы 200 миллиард теңгені заңсыз шығару фактілері анықталғаны белгілі болды.

Артынша денсаулық сақтау министрлігі зейнетақы жинағын емделуге пайдалану ережелерін өзгерту үшін жаңа ұсыныстар дайындаған еді.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 07 Қазан, 2025 19:42
Талқылау