Зейнетақы қорынан алынатын 1,5 трлн теңге: Болашақ зейнеткерлердің алдында кім жауапты болады
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Бірыңғай ұлттық зейнетақы қорынан инфрақұрылымдық жобаларға бөлуді жоспарлап отырған 1,5 триллион теңгенің қайтарылуына Қазақстан халқы алдында кім жауапты болатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сүлейменовтің сөзінше, зейнетақы жинақтарын осы жобаларға пайдалануға бола ма деген сұрақ жиі қойылады.
“Бұл іс жүзінде қалай жүзеге асады. "Бәйтерек" холдингі мен "Самұрық-Қазына" қоры өз облигацияларын шығарады, егер мұндай шешім қабылданса, БЖЗҚ оларды сатып алады. Содан кейін ғана "Бәйтерек" пен "Самұрық-Қазына" нақты жобаларды өздері қаржыландыратын болады.
Қазақстанның Даму банкі, Индустриялық даму қоры арқылы немесе оның еншілес ұйымдары арқылы, егер бұл "Самұрық-Қазынаға" қатысты болса. Зейнетақы қоры алдында нақты жобалар емес "Бәйтерек" пен "Самұрық" жауапты болады – нақтырақ айтсақ олардың корпоративтік кепілдігі, рейтингі және қаржылық есептері”, – деп түсіндірді Ұлттық банк төрағасы.
- Қазақстанда теңгенің кезекті девальвациясы: Ұлттық банктің экс-басшысы оның қашан және не себепті болатынын айтты
- Қырғыз сомы 22 есеге, ал теңге 100 есеге құнсызданды – Экономистер 30 жылда теңгенің не себепті құлдырап кеткенін түсіндірді
Ол бұл мәселеде үлкен тәуекелдің жоқ екеніне сендіреді.
“Қазақстанның егемендік рейтингі ВВВ дәрежесінде, ал "Бәйтерек" қоры да, "Самұрық-Қазына" да шамамен бірдей рейтингке ие. Бұл сенімді компаниялар, сондықтан зейнетақы қорының осы облигацияларға ақша салуы қалыпты нарық тәжірибесі болып саналады. Мен қазақстандықтардың ақшасы Қазақстанда жұмыс істеуі керек деп есептеймін”, – деп қосты Сүлейменов.
Еске салайық, бұған дейін БАҚ-та Бірыңғай зейнетақы қорынан инфрақұрылым нысандарын, атап айтқанда, энергетика саласын дамытуға 1,5 триллион теңге бөлінгені туралы ақпарат тараған болатын. Энергетика министрлігінің басшысы Алмасадам Сатқалиев бұл идеяны қолдаған.