Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Зейнетақы қорына ақша аудармайды, жалақы бермейді": Семейде жедел жәрдем қызметкерлері аурухана басшылығына шағымданды

Семейде жедел жәрдем қызметкерлері жалақы мен үстемақыға жарымай отырмыз деп шағымданды. Қауіпті індетпен күресте алғы шепте жүргендер бірнеше айдан бері айлық алмаған. Пандемия кезінде төленуі тиіс үстемақыны да жарытып бермепті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап.

Пандемия басталғалы жұмысы көбейген жедел жәрдем қызметкерлері мәселелерін ашық айтуға бел буыпты. Ақ халаттылардың айтуынша, жұмыс істеуге еш жағдай жасалмаған. Фельдшерлер қызметтік киімге де жарымай отырған көрінеді. Медицина қызметкерлері тозығы жеткен форманы жыртылғанша, жылдап киюге мәжбүр.

"Төрт-бес жыл бойы ешқандай форма берілмейді. Форма туралы әңгіме болса: "Короновирус инфекциясына үстемақы аласындар, өздерің сатып алыңдар" - дейді. Біз мемлекеттік мекеме болсақ, неге сатып алуымыз керек?", - деді фельдшер Саят Әділбеков.

Отыз шақты қызметкер 400 мың теңге көлеміндегі үстемақыны да "мандытып алмадық" дейді. Пандемия кезінде ай сайын төленуі тиіс қаржы қолға бір-ақ рет берілген.

Ал соңғы айларда жалақының өзі уақтылы берілмеген. Айлық кешіккеннен зейнетақы қорына да ақша түспепті.  

"Үй аламын деген адамдар. Зейнетақы қорына ақша аударылмайды. Барлығы тоқтап тұр. Құжат жинаймыз. Бухгалтерияға барсақ, олар "білмейміз, аударғанбыз" дейді. Бірақ бір-екі күннен кейін аударасыздар ма, десек, "иә" дейді. Біз барғанда ғана аударады", - деді  фельдшер Дастан Тілеуімбердин.

Жергілікті медицина мамандары жалақының кешігуін ақшаның жоқтығымен түсіндірді. Жедел жәрдем қызметкерлері көп болғандықтан, қаржы бәріне бірдей жетпей жатыр екен. Десе де қызметкерлердің шуынан кейін соңғы екі айдың жалақысы аударылыпты.

"Біз қазан айында бардық. Оның тәртіптері бар. Бізге осы желтоқсан айында болды. Қазан, қарашаның жалақысын бердік. Одан кейін зейнетақыны да төлейміз", - деді Семей қалалық жедел жәрдем қызметі бас дәрігерінің орынбасары Жанар Баталова.

Ал үстемақы ай сайын емес, бір-ақ рет қана төленетін көрінеді. Сондықтан қосымша қаржыны алуға тиіс жедел жәрдем қызметкерлеріне төледік деп отыр. Дегенмен жедел жәрдем қызметкерлері Нұр-Сұлтан және Павлодар қалаларындағы әріптестерінің ақшаны ай сайын толық алғанын айтады. Бірақ мамандар қаулы өзгергендіктен, енді ешкімге төленбейтінін кесіп айтты.

STAN.KZ
Сейсенбі, 08 Желтоқсан, 2020 21:29
Талқылау