Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Зейнетақы аударылмаған, тым құрыса айлығымызды берсін": Қорғаныс министрлігінің қызмет көрсетуші персоналы шу шығарды

"Әскери құрылыс Астана" компаниясының қызметкерлері жұмысқа шықпай, бастықтың кеңсесінің алдына жиналды. Жаңа жыл алдында көк тиынсыз қалғандар маңдай тер ақысын талап етіп отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

"Айлығымыз тек 57-58 мың. 6 600 теңгеден түбіртекте тұр, ұсталатын. Ал наурыздан бері бізде ол ақша жоқ. Мен кеше үй алайын деп банкке барсам, сізде зейнетақыға жарна түспеген деп, маған несие бермей жатыр, тоғыз айдан бері. Мейлі, бізге сыйақы, сыйлық ештеңе керек емес. Тым құрыса айлығымызды берсін. Алатын ақшамыз 50-60 мың ғана", - деді Балқия Тұрғынбаева.

Жиналғандар "Әскери құрылыс Астана" компаниясында еден жуу, аула сыпыру міндетін атқарады. Бірақ сол мардымсыз айлықтың өзін осылай бас кеңсеге келіп даулауға мәжбүр. Сөйтсе компания сәуірден бері зейнетақы жарнасы мен әлеуметтік аударым да жасамаған. Ал тиісті соманы  айлықтарынан ұсталып отырған.

"Шаш етектен қарызға баттық" деген басшылық, алдағы бір-екі күнде айлық мәселесін шешеміз деп уәде берді. Бірақ жиналған жұмысшылар бұл сөзге сенген жоқ.

"Тапсырыс берушіден 270 миллион теңге түсуі тиіс. Сол қаржы түскен бетте жалақыны толық аударамыз. Қызметкерлерімізбен сөйлестік, ақша жетпей жатыр. Компанияның 3 миллиард теңге қарызы бар. Соның ықпалынан осындай қиын жағдайға тап болдық", - деді "Әскери құрылыс Астана" ЖШС қаржы директоры Олжас Бекмағамбет.

STAN.KZ
Сейсенбі, 29 Желтоқсан, 2020 07:20
Талқылау