Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зейнетақы активтерін басқару: 2024 жылы компаниялар қандай табыстылық көрсетті

2025 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, зейнетақы активтерін басқаратын алты компанияның барлығы 2024 жылы инфляция деңгейінен екі есе жоғары табысқа қол жеткізген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Gov.kz

Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мәлімдеді.

Ұлттық банк пен бес жеке компанияның басқаруындағы активтер 2025 жылдың басында 22,73 трлн теңгеге жетті. Бұл активтер міндетті, міндетті кәсіби, ерікті және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан. Жалпы көлемнің басым бөлігі Ұлттық банкке тиесілі болса, жеке компаниялардың басқаруындағы зейнетақы активтері 65,24 млрд теңгеден асты.

Ұлттық банк табыстылық көрсеткіші бойынша 17,84% нәтиже көрсетті. Оның басқаруындағы активтер 22 трлн теңгеден асып, 2024 жылдың басымен салыстырғанда 25,9%-ға өсті. Жиналған инвестициялық кіріс көлемі 3,40 трлн теңгені құрады. Blackrock Financial Management компаниясына делегирленген активтер 127,84%-ға өссе, инвестициялық шоттардағы ақшалай қаражат көлемі 94,57%-ға азайды.

Jusan Invest компаниясының табыстылығы 17,3%-ды құрады. Басқаруындағы зейнетақы активтері 10,73 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 80%-ға өсті. Жиналған инвестициялық кіріс 1,52 млрд теңгеден асты. Ең үлкен өсімді банктер облигациялары (294,8%) көрсетті, ал репо көлемі 27,5%-ға азайды.

Halyk Global Markets 16,71% табыстылық көрсетті. Компания басқаруындағы зейнетақы активтері 4,85 млрд теңгеге жетіп, 50,98%-ға өсті. Жиналған инвестициялық кіріс 702,26 млн теңгені құрады. Ең жоғары өсім қазақстандық ұйымдардың корпоративтік облигацияларында (364,63%), ал ақшалай қаражат көлемі 96,92%-ға төмендеді.

BCC Invest компаниясының табыстылығы 15,21%-ды құрады. Басқаруындағы активтер 5,51 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 89,43%-ға өсті. Жиналған инвестициялық кіріс көлемі 726,32 млн теңгені құрады. Банктер облигациялары 3741,91%-ға өссе, репо көлемі 48,02%-ға азайды.

"Сентрас Секьюритиз” компаниясының табыстылығы 17,84%-ды құрады. Басқаруындағы зейнетақы активтері 1,91 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 86,4%-ға өсті. Жиналған инвестициялық кіріс көлемі 250,93 млн теңгені құрады. Ең үлкен өсімді шетелдік эмитенттердің акциялары мен депозитарлық қолхаттары көрсетті (396,7%).

Halyk Finance ең жоғары табыстылыққа (18,07%) қол жеткізді. Басқаруындағы активтер көлемі 42,24 млрд теңгеге жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда үш есеге өсті. Жиналған инвестициялық кіріс 6,12 млрд теңгені құрады. Қазақстандық эмитенттердің корпоративтік облигациялары 21 432,29%-ға өссе, кері репо көлемі 77,57%-ға азайды.

Қазақстан азаматтары ерікті жинақтарды толық көлемде басқаруға бере алады, ал міндетті зейнетақы жинақтарының 50%-нан аспайтын бөлігін ғана сенімгерлік басқаруға тапсыра алады.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстандықтарға зейнетақыларын тәуекелді активтерге салуға рұқсат берілетінін жазғанбыз.

Талқылау