Зеленский соғыс басталғалы бері бірінші рет Си Цзиньпинмен сөйлесті
Украина президенті Владимир Зеленский Қытай лидері Си Цзиньпинмен телефон арқылы "ұзақ әрі мағыналы" әңгіме өрбіткенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл – Ресей – Украина соғысы басталғаннан бергі алғашқы байланысы. Қытай басшысының Мәскеуге наурызда жасаған сапарынан кейін-ақ, Украина мен Қытай арасында әңгіме болады деп жаспарланған.
"Бұл әңгіме, Украинаның Қытайдағы елшісін тағайындау және екіжақты қарым-қатынастарымыздың дамуына күшті серпін береді деп ойлаймын", – деп жазды Зеленский.
Кейінірек Павел Рябикин Украинаның Қытайдағы елшісі болып тағайындалғаны белгілі болды, Зеленский оны тағайындау туралы жарлыққа қол қойды. Бұған дейін Рябикин стратегиялық индустрия министрі қызметін атқарған.
Бейжің әңгіменің украиндық тараптың бастамасымен болғанын айтты, деп жазады Франс Пресс агенттігі.
Осы уақытқа дейін Бейжің Ресейдің басып кіруіне бейтарап позицияны ұстануға тырысты. Си Цзиньпин бұл соғыста ешкімнің тарапына шықпаған болатын.
Қытайдағы мемлекеттік БАҚ-тың хабарлауынша, Си Цзиньпин Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесу барысында Қытай бейбіт келіссөздерді жеңілдетуге және атысты тез арада тоқтатуға күш салатыны туралы айтқан.
"БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі және үлкен ел ретінде біз қол қусырып отырмаймыз, пайда көру былай тұрсын, жағдайды ушықтыру да ойымызда жоқ", – деді Қытай басшысы.
"Синьхуа" агенттігінің хабарлауынша, Қытай жанжалды реттеу туралы келіссөздер жүргізу үшін Украинаға арнайы өкілін жібереді.