Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Зауытты алып тастаңдар": Алматылықтар наразылыққа шықты

Алматының Жетісу ауданының тұрғындары таза ауамен дем алу құқығын қорғап көшеге шықты. Сегіз жыл бұрын олардың үйлеріне жақын жерде цемент зауыты салынған. Жақында ол жерде апат болды. Адамдар бұл соңғы төтенше жағдай емес екеніне сенімді. Денсаулықтары қауіп төніп тұрғанын айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі AIBAT ақпарат қызметіне сілтеме жасап.

наразылық

Ақпараттық қызметтің айтуынша, олардың үйлері мен цемент зауыты арасындағы қашықтық өте аз. Лазерлік дальномер объектілер арасы тек 15 метр екенін көрсеткен.

Зауытпен көрші болғаны тұрғындарды қуантып тұрған жоқ. Олар үнемі цемент шаңымен дем алуға мәжбүр көрінеді.

"Әрине, ауру бар. Біздің тұрғындарда өкпенің қатерлі ісігі, өкпенің созылмалы ауруы бар. Өкпеде диффузды өзгерістер, диффузды түйіндер бар. Мен бронхит қазіргі таңда кең таралған ауру дегенмен келісемін. Бірақ ол кішкентай балаларда болмауы керек қой", – деді жергілікті тұрғын Елена Едисова.

Зауыт басшылығы экологиялық талаптарға сәйкес жұмыс істейтінін, қолдарында барлық рұқсат құжаттары бар екенін айтып сендірді.

"Цемент тозаңын сүзу және аспирациялау бойынша ең жаңа технологиялық жабдық, екі реттік, екі сатылы сүзгіш элементтер орнатылды. Атмосфераға бірде-бір грамм шаң шықпайды. Рұқсат етілген норма шеңберінде компания өте сақ жұмыс істейді деп есептеймін", – деді "Нұртау Темір" ЖШС бас инженері Мұрат Нұрдәулетов.

Тұрғындар мен зауыт басшылығы арасындағы қақтығыс биыл сегізінші жылға созылып отыр. Бірақ шенеуніктер зауытта апат болып, жақын маңдағы үйлерді цемент шаңы басып қалғаннан кейін ғана оқиғаға назар аударды.

"Бүкіл аумақ цементпен, асфальтпен жабылды. Ойын алаңында екі сантиметр цемент шаңы болды. Егер бәрі осындай қарқынмен жұмыс жасайтын болса, онда тағы бір жарылыс болмайды дегенге кепілдік жоқ қой?", – дейді Галина Русяева.

Маусым айының басында желіде көтерілген шудан кейін ғана экология департаментінің мамандары асығыс зауытқа барды. Тексеру нәтижесінен соң жазып берген айыппұл құны – 100 мың теңгеден сәл артық.


"Сондай-ақ экологиялық заңнамадағы бұзушылықтарды жою туралы ескерту берілді. Бұдан басқа, 1 миллион 411 мың 828 теңге сомасында залалды өтеу туралы ұйғарым шығарылды", – деді Алматы экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы Алмат Әлқожа.


Бұл қақтығыстың нүктесін сот қояды. Төтенше жағдайдан кейін қалалық әкімдік жағдайға назар аударған. AIBAT ақпараттық қызметінің мәліметінше, шенеуніктер зауыттан өздері берген рұқсат құжаттарын қайтарып алуға тырысуда.

Талқылау