"Зауытқа тапсырыс бермеген": Корея мен Грузиядан көлік әкеп беремін деп, адамдарды сан соқтырған алаяқ ұсталды
Фото: freepik.com
Корея мен Грузиядан көлік әкеп беремін деп, бірнеше адамды сан соқтырған алаяқтық схеманың жолы кесілді. Көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан жүйенің бірі Алматыда әшкере болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Заңгер Жанна Оразбақованың сөзінше, алаяқтар көлік жеткізіп береміз деп уәдені үйіп-төгіп, фото, вин-код көрсетіп, тіпті келісімшартқа қол қояды. Алайда кейінірек "кедендік рәсімдеу", "утилизациялық алым" немесе "құжат рәсімдеу" сынды сылтаулармен ақша талап етіп, шекарадағы немесе қоймадағы мәселелерді алға тартады. Келісімшарттардың көбісі жалған болып шығады. Сол себепті ақшаны сот арқылы қайтару қиынға соғады.
"Мұндай істер жылдар бойы созылып жатады. Бірақ тергеу мен прокуратураның әрекеті жәбірленушілерге қолғабыс болады. Көлікке тапсырыс берерде арадағы делдалдарды мұқият тексеріңіз. Құқықтық жағын толық тексермесеңіз, ақша аударуға асықпаңыз. Егер осындай жағдайға тап болсаңыз, берілмеңіз, міндетті түрде көмек сұраңыз", – дейді заңгер.
Адвокаттың командасы Бостандық ауданының полициясы және прокуратурасымен бірлесіп, қылмысық схеманы әшкерелеген. Полиция алаяқты қолға түсірген. Тергеу барысында уәде етілген көлік үшін Кореядағы зауытқа тапсырыс берілмегені анықталды. Алаяқтардың видеосындағы көлік басқа адамға әлдеқашан сатылып кеткен екен.
Нотариус арқылы куәландырылған хат-хабарлар мен түбіртектер жәбірленушінің ақшасын қайтаруға көмектескен. Күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Алматылық мемлекеттік грантты алып беремін деп 23 адамды алдағаны туралы жазған едік.

"11-15 жастағылардың үлесі 2 есе артқан": Шылым шегетін жастардың санын азайту үшін мемлекет қандай шаралар қабылдап жатыр
