"Алдағы 10 күнде өте қауіпті болады": Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарымен кездесті
16 сәуірде мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына барды. Өңірдегі жағдайды бақылап, тұрғындармен кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақорда
Тұрғындармен кездесу барысында Тоқаев шығындарды өтеу үшін мемлекет тиісті шара қабылдайтынын айтты.
“Қазір су тасқынынан зардап шеккен барлық тұрғынға бірреттік көмек беріліп жатыр және комиссия мүлік шығындарын есептегеннен кейін өтемақы төленеді. Тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға жаңа баспана салынады және барлық қажет инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар зардап шеккен тұрғындардың несиелері мен займдарын төлеу мерзімі шегеріледі”, – деді президент.
Сондай-ақ мемлекет басшысы су тасқынынан болған барлық шығын өтелетінін жеткізді.
“Қазір бәріміз өте күрделі кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Бұл – жалпыұлттық апат. Дегенмен бір жағынан алып қарасақ, оң өзгерістер де анық байқалады. Судың беті қайтып келеді. Жақын арадағы 10 күнде өте қауіпті болады деп ойлаймын. Бірақ біз еліміз бойынша апат салдарын жою шараларын қабылдап жатырмыз. Бұған дейін айтқанымдай, Үкімет зардап шеккен азаматтардың барлығына қолдау көрсетеді. Біз су тасқыны салдарынан болған барлық шығынды өтейміз. Әр азамат, әр отбасы мемлекеттің қамқорлығында болады. Бұл – мен үшін басты міндет”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ешбір азамат назардан тыс қалмайтынын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Тоқаев 4 сәуір күні Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып, жағдайды бақылап, тұрғындармен кездесіп, шағымдарын тыңдаған еді.