"Заңсыз карьерлер қазып, 20 метр жерге үй салған": "Qazaq Stroy" ЖШС компаниясы депутаттың шағымына жауап берді
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан "Qazaq Stroy" ЖШС компаниясының Алматы қаласының орталығында карьерлер қазып, тұрғындарға қолайсыздық тудырғанын айтып шағымданған еді. Компания осы кикілжіңге қатысты пікір білдіріп, карьерлер қала орталығында емес, жаңа аудан Наурызбайда қазылғанын және ол қаланың шетінде екенін жеткізді.
Компания Сот және сотқа дейінгі тергеу органдарының "Qazaq Stroy" ЖШС-нің карьерлерді игеруге ешқандай қатысы жоқ екенін дәлелдегенін жеткізді. Айтуларынша, бұл карьерлер 2-3 жыл көлемінде қазылған екен. Тиісінше, олар Qazaq Stroy нысандарының құрылысы басталғанға дейін болған. Сонымен қатар, карьерлер орналасқан жер учаскелері "Qazaq Stroy" компаниясына қатысы жоқ жеке тұлғаларға тиесілі екендігін де алға тартты.
“Карьерлер орналасқан жер учаскелерінің нақты иелерінің болуына қарамастан, тексеру жүргізу кезінде олардың ешқайсысымен сауалнама жүргізілмеген. Демек, бұл осы карьерлердің жанынан құрылыс жүргізген “Qazaq Stroy” компаниясын мақсатты түрде айыптау көзделген. Сонымен қатар, біздің компанияның карьерлерде қазу жұмыстарына қатысқаны туралы нақты дәлелдер жоқ. Аталған карьерлерге байланысты құрылыс салушы шығын мен пайдаға қарамастан, жоспарланған екі үйдің құрылысынан бас тартты”, – деді “Qazaq Stroy” өкілдері.
Компания сонымен қатар мемлекеттік экологиялық инспектор Д. М. Лесбековтың әрекеттері екі рет заңсыз деп танылғанын да жеткізді.
“Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы 01.07.2022 жылғы қаулысымен тексеру нәтижелері туралы актіні және оның негізінде жазылған бұзушылықтарды жою туралы Нұсқаманы заңсыз деп таныды. Бұл қаулы ҚР Жоғарғы Сотында жойылып, басқа құрамдағы сол сотқа тағы да қарауға жіберілді. Бірақ екінші рет Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы да осы тұжырыммен келісіп, 29.08.2023 жылғы қаулы бойынша экологтардың әрекеттері заңсыз деп танылады.
Нәтижесінде, тексеру процесі заңсыз актіге негізделген және кейін жазылған нұсқамалар заңсыз. Бұл нұсқамалар Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 тамыздағы қаулысы күшіне енгеннен кейін сот тәртібімен жойылады. ”, -деді компанияның PR- директорі Қарлығаш Исабекова.
Сонымен қатар, "Qazaq Stroy" компаниясы парламент мәжілісінің депутаты Абзал Құспан өз жолдауында компанияны бірнеше рет құқық бұзушы деп жалған ақпарат тарата отырып, Алматы қаласы экология департаментінің заңсыз іс-әрекеттерін бүркемелегенін тілге тиек етті.
“Мемлекетке 3,6 миллиард теңге көлемінде залалды өтеуге қатысты депутат мемлекеттік сот орындаушыларының "Qazaq Stroy" ЖШС-не қатысты шығарылған сот актілерін орындамағаны туралы айтады. Бірақ, оның себебін ескермей отыр. Сот актілері ұйғарым құжаттары бойынша енгізілген және Атқарушылық іс жүргізу қозғалған сәттен бастап мемлекеттік сот орындаушысы "Qazaq Stroy" компаниясының қызметін іс жүзінде банк шоттарына, компания мүлкіне тыйым салу, нотариаттық және тіркеу іс-әрекеттеріне тыйым салып, компания басшысының шетелге шығуын шектеді”, – деп қосты компания.
"Qazaq Stroy" дептуаттың жағдайды дұрыс түсінбей компанияны жалған банкроттық жариялауға тырысты деп айыптағанын жеткізді. Деректерге сай депутат 3, 6 млрд. теңге өндіріп алу туралы сөз қозғаған. Алайда, бұл ретте компанияның тыйым салынған мүлкі 20 млрд. теңгеден астам сомаға бағаланыпты.
“Тиісінше, компанияның банкроттығы туралы мәселе болуы мүмкін емес. Сыбайлас жемқорлық фактісіне келетін болсақ, Ерлепесовке 560 000 АҚШ долларын төледі деген жалған болып табылады. Өйткені бұл сома жеке тұлғаға заңды қызмет көрсету үшін біржолғы төлем емес, ұзақ мерзіміне төленді.
Сондай-ақ, депутат өз жолдауында "Qazaq Stroy" компаниясы қауіпті карьерге 20 метр қашықтықта он қабатты тұрғын үй салғанын айтады. Бұл мәлімдеме жалған, өйткені үй мен карьер арасындағы қашықтық 30 метрден асады”, – деді компания.
"Qazaq Stroy" компаниясы осы тұста депутат Абзал Құспанның тек бір ғана тараптың шағымына назар аударғанын айтты.
“Парламент Мәжілісінің депутаты Абзал Құспанның уәждері күмәнді екенін айтқымыз келеді. Себебі, бұған дейін ол Qazaq Stroy-ға қарсы шешімнің нәтижесіне де әсер етуге тырысқан болатын және Жоғарғы Сотта сот талқылауының соңғы кезеңінде ол Алматы қаласының Әділет департаментіне, Бас прокурорға, Жоғарғы Сотқа бірқатар депутаттық сауалдар жолдады. Бұл әрекетті сот сотқа қысым көрсету деп қарастырды. ҚР заңнамасында жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартылатыны, сондай-ақ ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау құқығы көзделгенін еске салғымыз келеді”, – деп қорытты компания өкілі.