Заң жобалары Google Translate арқылы аударылады- Әділет министрі
Әділет министрі Азамат Есқараев заң жобаларының қазақша нұсқасы көп жылдардан бері Google Translate қосымшасы арқылы аударылып келгенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ОКҚ
Тілшіміз әділет министрі Азамат Есқараевқа заң жобаларының мемлекеттік тілдегі нұсқасының түсініксіз жазылғаны туралы сұрақ қойды.
“Көп депутаттар заң жобаларының қазақша аудармасы дұрыс емес екеніне шағымданады. Қазірдің өзінде бір заң жобасын ашып қалсаң түсініксіз тілде жазылғанын көреміз. Біздің мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Бірақ соған қарамастан заң басқа да заңдық нормалар ең біріншіден орыс тілінде жазылады. Не себепті? Қашан Қазақстанның заңы қазақ тілінде дұрыс, сауатты түрде түсінікті етіп жазылады?”,- деп сұрады Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.
Азамат Есқараев бұл мәселе қаншама жылдан бері айтылып келе жатқан өзекті мәселе екенін атап өтті. Оның айтуынша мемлекеттік органдар “Google Translate” арқылы заң жобаларын аударады.
“Расында да бұл өте көкейесті мәселе. Біздің заңанама институтының 30 жылдығы қарсаңында өткен ғылыми-практикалық конференцияда журналисттер мен блогерлер де осы мәселеге алаңдаушылық білдіріп осы сауалды жолдаған болатын. Мен былай жауап берейін. Әрине мемлекеттік тіл біздің конститутция бойынша көзделген ол қазақ тілі. Тілдер туралы заң бар, сонда іс-жүргізу тілі мемлекеттік тіл деп жазылған. Сондықтан ол заңның нормаларын сақтау бойынша сәйкес шаралар қабылдануы керек деп ойлаймын”,-деді министр.
Министрлік бұл мәселені қолға алып жатқанын айтты.
“Біраз жылдар бойы заң жобалары расында да басқа тілдерде жазылып дайындалып отырған. Тіпті мемлекеттік тілге Google Translate қосымшасы арқылы аудара салған жағдайлар да тіркелген. Оны да білеміз. Сондықтан бұл мәселені мемлекеттік органдардың басшылары өздерінің қадағалауына алуы керек. Біз өзіміздің тарапымыздан сол мәселені қолымызға алып жатырмыз”- деп жауап берді ведомство басшысы.