Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Заң бұзбаса ғана қорғай аламыз": Аида Балаева "Орда" мен "ҚазТАГ-қа" қарсы қозғалған қылмыстық іске қатысты пікір білдірді

Фото: Орталық коммуникация қызметі 

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева “Орда” бас редакторы Гүлнар Бажкенованға қарсы қозғалған қылмыстық істерге жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сондай-ақ Балаева ҚазТАГ бас директоры Әсет Матаев пен бас редактор Әмір Қасеновтың Freedom Finance компаниясы берген шағым бойынша күдікті деп танылғаны туралы хабарға да түсініктеме берді. 

Аида Балаеваның сөзінше, министрлік журналистердің құқығын заң бұзбаған жағдайда ғана тиімді қорғай алады. 

“Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл процестерді, соның ішінде Orda.kz пен ҚазТАГ-қа қатысты істерді ерекше назарда ұстап отыр. Біз үшін елімізде сөз бостандығының сақталуы мен барлық ақпарат таратып отырғандардың заң аясында жұмыс істеуі аса маңызды. Кәсіби журналистика адалдыққа, объективтілікке және тексерілген ақпараттың нақтылығына негізделуі керек. Мұндай жағдайлар әрдайым медиа қауымдастықты алаңдатады. Себебі бұл сөз бостандығы мен заңды журналистік қызмет секілді аса маңызды мәселелерге тікелей қатысты. Кәсіби бұқаралық ақпарат құралдары заңды бұзбай жұмыс істеген жағдайда ғана мемлекет олардың құқығын тиімді қорғай алатынын түсінуі тиіс”, – деп жазды Балаева. 

Оның айтуынша, тараптар арасындағы дау сотқа өтсе, мемлекеттік органның бұл іске араласуы сотқа қысым жасалды деп бағалануы мүмкін.

“Қалай болғанда да, біз кәсіби журналистерге қатысты әкімшілік немесе қылмыстық істердің барынша ашық әрі объективті қаралуы қажет екенін әрдайым талап етіп келеміз. Журналистерге қатысты істерді тиісті органдар заң талаптарын сақтай отырып, жан-жақты әрі әділ қарайтынына сенімдімін. Министрлік өз құзыреті шегінде журналистердің құқыын қамтамасыз етуге және сот істерінің әділ қаралуы үшін қажетті барлық шараларды қабылдауға дайын”, – дейді Балаева. 

Айта кетейік, бұған дейін Orda.kz редакторы Гүлнар Бажкеноваға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы жазған едік. 1 желтоқсан күні полиция Orda.kz басылымының кеңсесі мен Гүлнар Бажкенованың пәтерінде тінту жүргізді. Журналиске бірнеше рет әдейі жалған ақпарат тарату дерегі бойынша айып тағылған. Сондай-ақ ол сол күні кеште екі айға үйқамаққа алынды. Ал 9 желтоқсан күні “ҚазТАГ” жетекшілеріне қатысты қылмыстық іс қозғалған еді. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 10 Желтоқсан, 2025 12:45