Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Заманбек Нұрқаділовтің қарындасы: Біреулер түрмеден хабарласып қорқытып жатыр

Заманбек Нұрқаділовтің қарындасымын деген кейуана баспаналы болды. Рая Қалабаева мен қызы Әсел Қалабаева халықтың ақшасына бір бөлмелі үй алды. Алайда Рая Қалабаеваның қызы өзін әлдекімдердің қорқытып жүргенін жеткізді. 

Бұл туралы "Уақыт көрсетеді" бағдарламасында айтылды.

Алматы облысы, Ұйғыр ауданынының тұрғыны Әсел Қалабаева халықтан көмек сұрап, мұңын айтқан еді.

Ол анасы Рая Қалабаеваның марқұм Заманбек Нұрқаділовтің туған қарындасы екенін айтты. Ауру анасының халі мүшкіл. Осыған байланысты халықтан, Мақпал Жүнісовадан көмек сұрап, баспана алуға өтініш айтты. 

Халықтан түскен 10 миллион теңгеге анасы мен қызы 1 бөлмелі пәтер алды. Халыққа алғысын айтып, қуанышын бөлісті. 

"Мен ең әуелі Аллаға, одан соң халқыма алғысымды айтамын. Қазақ халқының ең мейірімді, ең қайырымды халық екеніне көзім жетті. Бір күн ішінде 7,5 миллион теңге түсті. Бүгінгі күнге дейін 10 миллион теңгеге дейін жиналды. Ауданымыздың жігіттері біршама ақша қосты. Осылайша баспана алдық", - деді Әсел Қалабаева.

Баспаналы болған ана мен қызының тағы бір уайымы бар. Осы уақыт аралығында өзін қорқытып, түрмеден хабарласып, ауыр сөздер айтқандар болды дейді ол. 

"Маған қоқан лоқы көрсетті. Түрмеден хабарласып, қысым жасады. Тек телефон арқылы қорқытты. Мен қорқып, телефон қоңырауларына жауап бермедім. Бауырлар арасында адам өлімі болмасын, мен оның бауырымын деп біреулер хабарласты", - деді Қалабаева.

Айта кетейік, Әсел Қалабаева көпшілік алдына шыққаннан бастап, оларды даттаушылар пайда болды. Баспана алу үшін марқұм Нұрқаділовтің атын пайдаланды деп айыптады. Ал Мақпал Жүнісова Зәкеңнің ондай қарындасы жоқ деп қайырды. Әсел Қалабаева өзіне айып таққандарға жауап берді. 

"Мен өтірік айтқан жоқпын. Мен анамнан естігенімді айттым. Анамның құжатында аты-жөні көрсетілген. Анам да өтірік айтпайды. Мен Алланың алдында адалмын. Заманбек атаның атын пайдаланайын деген ойым болған жоқ. Артық сөз айтсам, кешірім сұраймын. Барша көмек қолын созған жандарға алғысымды айтамын", - деді Әсел. 

Талқылау